Қарағанды облысында көмір қоры жеткілікті
Қарағанды облысында коммуналдық қажеттілікке және халыққа 6 млн тонна көмір беріледі, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір өңірде көмір сататын 54 бекеттен қатты отын жан-жаққа жөнелтіліп жатыр. Қоймаға көмір «Шұбаркөл», «Молодежный», «Кузнецк» сияқты кеніштер мен 10 разрезден жеткізіледі. Әзірге тапшылық байқалмайды. Қоймаларға күніне 7-ден 35 вагонға дейін көмір түсіру мүмкіндігі бар.
Андрей Белов, көмір өндіруші компанияның директоры:
- Қазіргі уақытта көмірге ешқандай кезек жоқ. Қоймада қор жетеді. Келген көліктер лезде толтырылады. Дегенмен күн суыта жұрт қимылдай бастайды. Соның салдарынан жылда ұзын сонар кезек пайда болады. Тұрғындар ертерек қамданғаны дұрыс.
Өңірде қызуы жақсы болғандықтан, сұраныстағы Шұбаркөл көмірінің бағасы тоннасына 14 700 теңгеден басталады. Ал жалпы қатты отынның орташа бағасы – 19 000 теңге.
Мәди Баймұлдинов, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Қарағанды облысында халыққа көмірді 2 шахта мен 10 қималар жеткізеді. Бұл кәсіпорындар 2024 жылы 27 миллион тонна көмір өндіру жоспарлап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда ол 7% артық. Коммуналдық қажеттілікке және халыққа 6 миллион тонна көмір жеткізу жоспарланған. Биыл 6 айда 2 миллион тонна көмір жөнелтілді.