Атырауда ауыл кәсіпкерлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті
Атырауда «Бір ауыл – бір өнім» атты әлеуметтік жоба аясында ауыл кәсіпкерлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Оған облыс аудандары мен Атырау қаласынан 34 кәсіпкер қатысты. Көрмеге жергілікті шағын бизнес өкілдері өндірген азық-түлік түрлері, қолөнер бұйымдары мен тауарлар қойылды. Жобаның мақсаты – шағын кәсіп иелерінің өнімдерін көпшілікке таныстыру және үздік жобаларды анықтау. Бүгінгі 34 кәсіпкердің ішінен 10 үздік жобаға кәсіпкерлер палатасы арқылы қолдау көрсетіледі. Осымен екінші мәрте қолға алынған әлеуметтік жоба ауыл кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болатыны сөзсіз.
Нұрлан Сүйінбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Жобаға қатысушылар қатары жыл сайын артып келеді. Бұл шағын бизнес саласында жаңа есімдер мен өнім түрлерінің көбеюіне игі ықпал етеді. Сондай-ақ тауарлардың сапасы мен оны тұтынушыға ұсыну тәсілінде де жаңалықтар бар. Әдемі қорапқа салынған тағам түрлері тұтынушының қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Біз осындай әлеуметтік жобалар арқылы ауыл бизнесін дамытып, олардың өнімін үлкен нарықтарға шығуына жағдай жасаймыз.