Ақтөбе облысы Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге баспана берілді

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 21 отбасы баспаналы болды.

Бүгін Ойыл ауданының Екпетал ауылының тұрғындарына жаңа үйлердің кілті табысталды. Көктемгі тасқын кезінде ауылды солайымен су шайып кеткен еді. Елді мекен халқы толықтай аудан орталығына көшірілді.

Биылғы көктемде Ойыл ауданында 328 үйді су басты. Арнайы комиссия 307 баспананы тұруға жарамсыз деп таныды. Саманнан салынған ғимараттардың қабырғасы қирап, іргетасына сызат түскен. Сондықтан маусым басталғалы өңірде құрылыс қарқынды жүрді. Мәселен аудан орталығында 21 үй салынды.

Алпамыс Жаржанов, мердігер компания өкілі:

- Жылап қалған халық бар. Соларды тездетіп кіргізуге және үйді өте сапалы салуға атсалысып, жақсы-жақсы материалдар жіберіп отырды. Кілт табыстайтын уақытқа жетіп отырмыз. Сапасына кепілдік береміз. Өте тамаша үйлер. Халықтың өзі де ризашылығын білдіріп жатыр. 

Ақерке Қитанова аудан орталығының іргесіндегі Екпетал ауылында тұрған. Ойыл өзені тасиды деген ақпарат жеткен сәтте қауіпсіз жерге көштік дейді. Содан бері Ойылдағы эвакуациялық пунктте, одан кейін колледждің жаттақханасында тұрды. Санаулы айдан кейін зәулім баспананың кілтін қолына алғанына дән риза.

Ақерке Қитанова, Екпетал ауылының тұрғыны:

- Бұл жаңағы 8 оқитын баламның бөлмесі. Бүгін келгенде «мама мынау менің бөлмем болсыншы» деп жатыр. Мынау енді кіші залымыз болып есептеледі. Спальныйдан үлкендеу. Мынау енді бір спальня болады. Одан кейін прихожкамыз, туалет-ваннамыз бар. Бәрі де заманауи тұрғыда пәтер болып тұр. Қуаныштымыз өте.

Қазір Ойыл ауылының жаңадан бой көтерген шағын ауданында асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Дегенмен, аудан көлемінде баспана құрылысы аяқтала қоймаған.

Нұржау Тұрғанбеков, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Қаратал ауылында 126 үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 19-ы тапсырылды. Қалғандарын да қыркүйек айының біріне дейін тапсыру жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бізде Кемер ауылында екі үй бар еді оны тапсырдық. Бестамақ ауылында екі үй бар еді оны тапсырдық. Ақжар ауылында бес үй бар. Ақкемер ауылында 16 үй бар. Олардың құрылыстарын бірінші қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Аудан орталығына жаңадан қоныс ауданған тұрғындарға арнап әлеуметтік нысандар құрылысы да басталған. 350 орындық мектеп пен 150 бүлдіршінге арналған балабақша ғимараты жыл оңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Мансур Есқожин, Айбек Даутов, Айнадин Молдабеков

Ескерту: бұл сюжеттің видеосы сағат 09:00-де эфирден өтеді - Ред.