Еңбекшіқазақ ауданында 12 ауылға ауызсу құбыры тартыла бастады
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы 12 ауылға орталықтандырылған ауызсу құбыры тартыла бастады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджеттен 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жобалар сәтті жүзеге асса, жүз мыңнан астам тұрғын тіршілік нәрімен қамтылады.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Есік қаласы мен Шелек, Әймен, Бөлек, Қарасай, Түрген Ащысай және Ащыбұлақ ауылдарында ауызсу құбырын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені мұндағы су құбырларының дені өткен ғасырдың 80-жылдарында салынған. Оралықтандырылған ауызсу құбыры желілері әбден ескіріп, тозғандықтан апатты жағдай жиі болады.
Жұлдыз Бақтықызова, Қарасай ауылының тұрғыны:
- Қанша жыл болды қиыншылық көрдік енді. Әсіресе, жаздың күні осылай су жоқ. Елдің бәрінде насос, шындық қой енді, шыны керек. Напор аз болғандықтан үйге су келмейді деп айтсақ болады. Елдің бәрі насоспен отыр.
Көп ауылда бұрынғыдай техникалық су жоқ. Тұрғындар бақшасын ауызсумен суғаруға мәжбүр. Соның салдарынан жаз мезгілінде үйлерге су жетпейді. Есік қаласының іргесіндегі Өрікті ауылының ауызсу құбыры желісін ауыстыруға биыл бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді.
Жандос Қойшығұл, мердігер компания өкілі:
- Мынау Еңбекшіқазақ ауданындағы су өткізіп жатқан үшінші ауылымыз. Кеше бастағанбыз, бүгін қарқынды жүріп жатыр жұмыс. Бұл ауылда енді 32 шақырым дейді ғой, 32 мың метр су құбырларын жаңартамыз. Биылға, келесі жылға, екі жылға жоспарланған. Үй-үйлерге кірмейді. Бұл жерде енді тек мынау ауылдың ішіндегі трассаларға ғана, бізге солай есептелінген. Оны келесі жылы енді қосымша ретінде қосатын шығармыз.
Ертай Нұрмаханов, аудан әкімінің орынбасары:
- Жалпы аудан бойынша 7 жоба іске асырылып жатыр биылғы жылы. Ал негізі жалпы былтырғы, биылғымен санаған кезде 12 жоба. Яғни, айтқан кезде 12 елді мекенге таза ауызсу кіру жоспарлануда келесі жылдың аяғына дейін.
Өңірдегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 5128 шақырым. Соның жартысы қайта жаңғыртуды қажет етеді. «Әрбір елді мекенге таза ауызсу» ұлттық жобасы әзірленіп, жүзеге аса бастады. Оған облыс бойынша жалпы саны 100 шақты жоба енді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов