Сарапшы: Telegram-ның жабылу қаупі нөлге тең

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Парижде қамауға алынды.

Ол өзінің жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонғанда тұтқындалған. Кәсіпкер Францияда іздеуде жүргендердің тізімінде болған. Франуз құқық қорғаушылары: «Қылмыскерлер әлеуметтік желіні есірткі айналымы және өзге де қылмыс түрлерінің жасалуына негізгі платформа ретінде падаланған», – дейді. Ал Дуров осы Telegram-да заңға қайшы келетін әрекеттерді шектемей, құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеуден бас тартқаны үшін күдікке ілінген. Миллиардер 2021 жылы Франция азаматтығын алғандықтан, өзге елге экстрадициялануы екіталай. ТЭФ-1 телеарнасының хабарлауынша, Дуров жақын арада сот алдында жауап береді. Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Франциядағы Ресей елшілігі мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шараларды қабылдаған. Ал Илон Маск өзінің Х әлеуметтік желісінде бұл сөз бостандығын шектеу екені туралы жазба қалдырды. Оқиға нарықтағы жағдайға да әсер етті. Сөйтіп, кәсіпкермен құрылған Тоткоин криптовалютасы шамамен 15%-ке құлдыраған.

Айта кеткен жөн, әлемде Telegram қолданушыларының саны 900 миллионнан асады. Көбін алдағы күндері сервис қалай жұмыс істейді деген сұрақ мазалап отыр. Бұған қатысты арнамызға берген сұхбатында киберқылмыс саласындағы тәуелсіз сарапшы Евргений Питолин былай дейді. 

Евгений Питолин, киберқауіпсіздік саласындағы тәуелсіз сарапшы:

- Telegram қазақстандықтар үшін ақпарат алмасудың ірі алаңының бірі екені сөзсіз. Платорфманың жабылу қаупі нөлге тең десек те болады. Францияда не Еуропада серверлер болса да, олар тәркіленген күннің өзінде ондағы ақпарат санаулы сағатта қалпына келтіріледі. Медиаимперия жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан дүрбелеңге бой алдырып, ақпаратты шығарып алуға асықпаңыздар. Сосын алаяқтарлан сақ болыңыздар. Өйткені олар бұл жағдайды пайдаланып, «Telegram-ды қалпына келтіру үшін мына сілтемеге өтіңіз, мынаны басыңыз» деген жалған ақпарат таратуы мүмкін. Сондықтан алдағы күндері киберқылмыс саны артады деп ойлаймын. Бұл ретте көрермендерді мұндай ақпаратқа сенбей, сақ болуға шақырамын.