Қызылкөлге су келді

Түркістан облысы Созақ ауданындағы шипалы сумен танылған Қызылкөлге биыл су келді, деп хабарлайды 24KZ.

Соңғы 20-25 жылдан бері көлдің суы біртіндеп тартылып, кейінгі жылдары табаны құрғап қалған еді. Кезінде жағалауы демалушылардан босамайтын көлге құстар да орала бастаған. Тұзды көлдің тола бастағанын естіген ел суына шомылып, батпағына түсіп жатыр. Тылсымға толы көлдің біз білмейтін тағы қандай сыры бар?

Биыл оңтүстікте қар қалың, көктем жаңбырлы болды. Қызылкөлге құятын 2 өзен толып ақты. Мамандардың айтуынша, су айдыны ереуіне жетпесе де, жартысына жуықтаған. Көлдің суы тұздылығымен шипалы. Ғалымдар оның қасиетін Израильдегі Өлі теңіздің суымен шамалас екенін растайды. Аудан тұрғыны Анар Сағындықова жолдасының аяғы сыздап, маза бермеген соң батпағына түсуге келгендерін айтады.

Анар Сағындықова, Созақ ауданының тұрғыны:

- Күйеуімді кеше әкелгенмін. «Аяғым бұрынғыдай емес, шамалы жазылған сияқты, қақсамайды», – дейді. «Жүргенде де жеңілдеу», – дейді. Қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Бұл кісілерде қан қысымы бар ғой енді. Жанына бір адам керек. Бүгін өзім де түсіп кеттім, аяғым қойды дегеннен кейін. Ем болсын, нәтижесін берсін.

Білетіндер «Қызылкөлдің ауасы, суы мен қара балшығы – тері ауруларына ғана емес, таныс алу жолдары мен белсіздік, гинекология, сүйектің сырқырағанына да бірден-бір ем», – дейді. Көл жағасы маусым айынан бастап қара күзге дейін адамнан босамайды екен. Дертіне шипа іздеп келушілер алдымен қара балшыққа шомылады, одан кейін көлге түсіп, тазаратын көрінеді.

Ерлан Сәмет, Шолаққорған орман шаруашылығының аға инспекторы:

- Адамдар көп келеді ғой бұл жерге демалуға. Сенбі, жексенбі күндері кейде 250 адамдай келіп қалады. Кемі дегенде 100-150 адам келеді. Арғы жағында емдік батпағы, мына жағында суы. Екі жағына да келіп түседі. Қазақстанның барлық аймағынан келеді бұл жерге. Былтыр Түркиядан келді, Қызылкөлді естіп, келіп, көріп, суына түсіп, қайтты ол кісілер.

Көлдің қасиетін ұшқан құс та жақсы біледі. Мамандар қыркүйек айында айдынның бетінде ине шаншар орын болмайтынын айтады. «Жылы жаққа қайтатын құстар күзде осы көлге түсіп, қанаттарын қатайтып алады», – дейді. Тереңдігі 4 метрден асатын көлдің құпиясы көп. Шомылған адам терең жеріне барса да батпайды.

Ерлан Сәмет, Шолаққорған орман шаруашылығының аға инспекторы:

- Тұзды болған соң адамның денесі суға батпайды ешқандай. Суға түскеннен кейін денеңізді бірқалыпты ұстасаңыз, судың бетіне шығарып тастайды. Тұздылығының әсерінен. Бізде суға бату, адам шығыны ешқашан кездескен емес.

Қызылкөл теңіз деңгейінен 335 метр биіктікте орналасқан. Суы қалыпты жылдары ұзындығы 6, ені 2,8 шақырымға дейін жетеді. 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аймақ тізіміне енгізілген. Мамандар туристік әлеуеті жоғары болғандықтан, Қызылкөл жағалауын жаңғыртып, демалыс аймағы ретінде дамыту жоспарына енгізіліп отырғанын жеткізді. Демек Қызыкөлдің қызығын көретін күн де алыс емес.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.