Биыл Таразда скутердің қатысуымен жүзден астам жол апаты болған

Жыл басынан бері Таразда скутердің қатысуымен жүзден астам жол апаты болған. 

45 адам жарақат алса, жартысынан көбі жасөспірімдер. Полицейлердің айтуынша, екі дөңгелекті көлік құралын тізгіндегендер көп жағдайда жол ережесін сақтамайды. Заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында қала аумағында рейдтік бақылау жүріп жатыр.

- Скутерді басқару кезінде арнайы киімдер болмаған. Тиісті хаттамасын жазып, айыптұраққа жабыңыз. Байланыс өтті ме, Боран-1? 

Таразда скутермен жүйткігендердің қарсы жолға шығып, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолағымен жүруі үйреншікті көрініске айналды. Бұрылатын кезде белгі беру шамын жақпауы салдарынан көлікпен соқтығыса жаздайды. Мұндай жүгенсіздік көп жағдайда көшедегі бейнебақылау құралына жазылып қалады. Полицейлер жол ережесін бұзған адамды тез арада тауып, әкімшілік шара қолданады.

Берік Сәлемов, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Жол апатына ұшыраған кәмелетке толмаған балалар қайтыс болып жатыр. Дене жарақатын алып, ауруханада жатыр. Сондықтан егер де жасөспірімдер скутер мінген жағдайда ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 626-баппен ескерту толтырылады. Екінші рет ұсталған жағдайы скутері айыптұраққа қойылып және 3 АЕК айыппұл салынады.

Кезекті рейдке еріктілер де қатысты. Скутерді жүргізу кезінде заң талаптарына сәйкес киімнің болмауы волонтерлер назарына бірден түсті. Полицейлер Марлен есімді жігітті жолда тоқтатып, жарық шағылыстырғыш жилет кимегені үшін ескерту жасады. 

Мәрлен Әбдібек, скутер жүргізуші:

- Барлықтарыңызды заң талаптарына сай жүруіңізді сұраймын. Мен өзіммен бірге каска тағып жүремін және де жол ережесін сақтаймын. Сіздерден де жол ережесін сақтауларыңызды сұраймын.

Биыл 7 айда 45 адам скутермен жол апатына түсіп, жарақат алды. Басым көпшілігі кәмелетке толмағандар. Соңғы аптаның өзінде жүзге жуық скутер айыптұраққа қойылды. Полиция басқармасы басшыларынң айтуынша, ережені елемеген скутер жүргізушілеріне 200 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 

Ардақ Мадимаров, қалалық полиция басқармасының бастығы:

- Өткен үш тәулікте мопед, скутер мініп жол ережесін бұзғандарға қатысты 32 әкімшілік іс қозғалды. Мұндай көлік құралын басқару үшін категориясы А1 құжаты болуы керек. Жүргізуші арнайы жилет, қорғаныш каскасы мен жабдықтарын қолдануға міндетті. Болмаған жағдайда, шара қолданылады. Егер кәмелетке толмаған бала болса, ата-анасына айыппұл салынады.

«Рейдтік шаралар кінәлі тұлғаларға шара қолданудан бұрын жолда жүру ережесі қатаң сақталуын бақылауды көздейді. Өзінің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеуі үшін скутер иелерін жолда мейлінше сақ жүруге шақырамыз» дейді тәртіп сақшылары.

Талғат Исламұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда