Атырауда 27 шақырым жылу құбыры жаңартылады
Атырау жылу беру маусымына дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Биыл облыс орталығында 27 шақырым жылу құбыры жаңартылады. Бүгінде жұмыстың тең жартысы аяқталды. Алдыңғы жылдары сыр берген жылу беру нысандары да қалпына келеді. Жалпы 7,4 млрд теңгеге жылу жүйелері жөнделіп, көмір мен сұйық отын сатып алынбақ.
Сергей Золотницын жетекшілік ететін құбыр жөндеушілер бригадасы Жайық өзені арқылы өтетін магистралдық құбырдың жарамсыз бөліктерін ауыстыру үстінде. Жалпы қазір қала бойынша осындай 17 учаскеде құбыр ауыстыру жұмыстары жалғасуда.
Сергей Золотницын, учаске басшысы:
- Бұл учаскеде магистралдық жылу жүйесін ауыстырып жатырмыз. Ол қаланың оңтүстік бөлігіне жылу жеткізуге арналған негізгі желі. Осы құбыр арқылы арғы беттегі 21 жылу бекетіне барады. Әрі қарай барлық тұрғын үйлер қамтамасыз етіледі.
Жылу маусымына дайындық жұмыстарымен «Атырау жылу жүйелері» компаниясы және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі айналысады. Олар өздеріне белгіленіп берілген учаскелердегі жылу нысандарына жауап береді.
Әлібек Темірғалиев, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның президенті:
- Біздің балансымсызда 55 жылу бекеті 2 жылу станциясы бар. Осы нысандардағы жөндеу жұмыстары қазір 83% аяқталды. Қыркүйек айында орталық магистралдық жылу жүйесін сынақтан өткіземіз. Сосын 1 қазанда перзентханалар мен балабақшаларға жылу беруді бастаймыз.
Алдыңғы жылдары облыс орталығындағы «Нұрсая» ықшам ауданы қыс айында жылусыз қалып, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Биыл жергілікті билік осы олқылықтың орнын толтыруға кіріскен.
Жантас Оспан, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:
- Соның ішінде «Нұрсая» мөлтек ауданында 13 жылу қазандығын ауыстыру жүріп жатыр. 2 жылу қазандығы ауысты. 3-еуінде жұмыс жүріп жатыр. Енді 8-ін ауыстырамыз. Сонымен қатар Атырау қаласында 9 КНС жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жылу маусымына биылғы жұмыстар жалғасып жатыр.
Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен жылу маусымына дайындық шарасына 7,4 млрд теңге қаралған болатын. Ол қаражатқа жылу нысандары мен электр желілері жөнделіп, әзірге қажеттілігіне қарай 24 тонна көмір мен 10 тонна сұйық отын сатып алынды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов