Жамбыл облысында 36 мектеп салынып жатыр
Жамбыл облысында 36 мектептің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
7-еуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтереді. Нәтижесінде орын тапшылығы, апатты және үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі. Жалпы құрылысқа 70 миллиард теңге қарастырылған.
Сөйтіп, биыл неше білім ошағы пайдалануға беріледі?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Жаңа білім ошақтарының бірі Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылында салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған 3 қабатты мектептің құрылысы аяқталған. Құрылысқа 90% отандық материалдар пайдаланылған. «Жаңа оқу жылына дейін тапсырып үлгереміз», - дейді мердігер мекеме өкілі.
Қайрат Таубалдиев, құрылыстың бас инженері:
- Қазіргі уақытта 98% аяқталып жатыр. Қазір жиһаздар мен жабдықтарды орналастырып жатырмыз. Және сыртқы абаттандыру жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес 30 тамызға қарай барлық жұмыстарды толық өткіземіз.
Құрылыс басында барлығы 200 жұмысшы еңбек етуде. Әктеу, сырлау жұмыстары бірер күнде бітеді. Жұмыс сапасы техникалық қадағалау мамандарының жіті назарында.
Қайрат Шаданов, техникалық қадағалау маманы:
- Құрылыс басталғаннан бері 30 кемшіліктер анықталып, дер кезінде түзетілді. Кішігірім қателіктер тез арада дұрысталады. Ал үлкен қателік табылса, оны түзетуге уақыт беріп отырдық. Егер оны жөндемесе, өзге жұмыстарын да қабылдамадық.
Жамбыл обылсы бойынша 7 жайлы мектеп салынып жатыр. Олардың жабдықталу деңгейі өзге мектептерге қарағанда 20%-ке жоғары. Мысалы, мұндағы әр кабинет интерактивті тақтамен қамтылады. Оқушылардың демалыс орны, 2 бірдей спортзалы бар. «Өңірде тағы бірнеше типтік жай мектептер де салынып жатыр», - дейді сала басшылары.
Ерлан Орынбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Жергілікті атқарушы органдардың бақылауымен өңірдегі 29 нысанда құрылыс жүруде. Соның ішінде 14 мектеп жаңадан салынып жатыр. Қалғанында қосымша ғимараттар ғана қосылады. 2024 жылға 21 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 9 нысан жергілікті бюджет есебінен, 8-і білім саласын дамыту қорынан, қалған 12-сі «Ауыл-ел - бесігі» республикалық бағдарламасы аясында салынуда.
Биыл облыста 18 мектеп пайдалануға беріледі. Соның алтауы - жайлы мектеп. Қалған құрылыстарды келер жылы аяқтау жоспарда. Нәтижесінде оқушы орнының жетіспеушілігі, апатты және үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда