Алматы облысында 26 мыңнан астам оқушыға мектеп жетпейді

Алматы облысының орта білім беру ошақтарында 26 мыңнан астам оқушыға орын тапшы, деп хабарлайды 24kz.

Сол себепті өңірдегі 39 мектеп үш ауысымда бала оқытуға мәжбүр. Облыс бойынша жыл сайын 37 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Ондағы орын тапшылығын жою мақсатында алдағы екі жылда 53 «Жайлы мектеп» салынады. Соның 21-і жыл аяғына дейін іске қосылады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Еңбекшіқазақ ауданында жеті мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның үшеуі биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. «Ол өз кезегінде аудандағы үш ауысымды мектептердің мәселесін түбегейлі шешіп береді», - дейді мамандар.

Алматы облысында 433 мектеп бар. Онда 343 мыңнан астам оқушы білім алады. Өңірдегі үш ауысымды мектептердің көбі халқы тығыз қоныстанған Іле, Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан.

Ертай Нұрмаханов, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Негізі біздің Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 55 мыңнан астам оқушы бар. 55 мыңнан астам оқушы болғандықтан, әрине, оқу орны тапшы. Бізде екі мектеп үш ауысымда оқиды. Екі мектеп 1 қыркүйекте қабылдауға берілсе, осы үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі деп отырмыз.

Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жайлы мектептердің» құрылысында кестеден жарты жылға кешігу байқалады. Мұнда төрт «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Олар жыл аяғына дейін халық игілігіне беріледі. Ал жеке инвестицияға салынған үш білім ошағында биылғы жаңа оқу жылында алғашқы қоңырау соғылады. Оның екеуі 900 орындық, ал біреуі 1475 баланы қамтиды. 

Олжас Нұрбосын, мердігер компания өкілі:

- Есік қаласындағы 900 орындық орта мектеп былтыр маусымның 1-і күні басталды құрылыс. Биыл тамыздың жиырмасы күні қолданысқа өткізілейін деп жатыр. Қазіргі таңда жұмыс барысының 97%-і біткен барлық жұмыстар. Қазір ең соңғы жұмыстарды бітіріп жатырмыз.

Облыс бойынша 53 «Жайлы мектеп» бой көтереді. Соның жартысына жуығы биылғы оқу жылында, қалғаны алдағы жылы пайдалануға беріледі. Сол арқылы өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешіледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов