Қазақстанда интернет алаяқтық бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді
Елде жыл басынан интернет алаяқтық бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Фактілердің біршамасы Батыс Қазақстан облысында байқалады. Онда дроппер-алаяқтардың саны азаяр емес. Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтық схемалар арқылы азаматтардың қаражаты мен жеке деректерін иемдену әрекеттері көбейген. Ең көп таралған тәсілдердің бірі – телефон арқылы жасалатын алаяқтық. Әккілер өзін «банк немесе құқық қорғау органы қызметкерімін» деп таныстырып, ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды ұсынады. Одан қалды интернет алаяқтық өршіп тұр. Мұнда жалған интернет-дүкендер, түрлі сылтаумен банк картасының деректері немесе құпия сөзіңізді талап етіледі. Тағы бір жиі таралған қулық түрі, әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы жасалады. Алаяқтар аккаунттарды бұзып, жақындарыңыз бен достарыңыздың атынан көрсетілген шоттарға шұғыл ақша аударуды сұрайды. Сондай-ақ прокурорлар азаматтарды жалған ұтыс пен лотереяға сенбеуге шақырады. Жалпы дропперлерді түрлі шоттардан заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. «Сондықтан ол да алаяқтықтың бір түріне жатады», – дейді мамандар.