«Алтын қыран-2024» халықаралық оқу-жаттығуы аяқталды

«Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы аяқталды. Бұл жиын Жетісу облысының «Көктал» полигонында ұйымдастырылған, деп хабарлайды 24KZ.

Оған қазақстандық десантшылар мен Әзербайжан армиясының әскери қызметшілерінен құралған біріккен жасақ жұмылдырылды. Жауынгерлер заңсыз қарулы топқа қарсы тұрып, ұрыс жүргізудің түрлі тактикасын пысықтады. Барлық іс-қимылды Қазақстан мен Әзербайжан Қарулы Күштері Бас штабтарының басшылары қадағалады. Оқу-жаттығу жиындары барысында барлау жасақтарының әрекеттеріне, басып алу және атыспен қамтамасыз ету топтарына және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы бақылау дерегін алу алгоритміне баса назар аударылды.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінгі оқу-жаттығу жиындар біздің елдеріміздің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазір әлемде қауіпсіздік деңгейін қалыпты деп айту қиын. Біз кезіккен қауіп-қатерлер бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде күш құрылымдарының рөлін тағы бір рет айқындай түседі. Біздің елде өткен осы оқу-жаттығу жиындарына қатысқан бауырлас Әзербайжанның әскерилері мен басшылығына алғысымызды білдіреміз.