Шымкентте Қонаев даңғылы құрылысынан ₸3,2 млрд үнемделді
Шымкентте Қонаев атындағы даңғылды жаңғырту және жалғасын салуға бағытталған құрылыстан 3,2 миллиард теңге үнемделді, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба бойынша қыруар қаражатқа жол бойының 700 метр аумағына тірек бағаналар орнатылмақ болған. Бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері құрылыс материалына кететін шығынға күмән келтірді. Жергілікті әкімдікке нұсқау беріп, жобаны қайта қарау ұсынылды. Нәтижесінде құрылыстың 5-ші кезеңіне тиесілі тірек бағалар бетоннан құйылды.
Айта кетейік, Қонаев атындағы даңғылдың жалғасын салу 2018 жылы басталған. Құрылыстың созылуына сондағы 246 жеке тұрғын үйді мемлекет қажеттілігіне қайтару қолбайлау болып тұр. Сондықтан Антикор өкілдері ұзақ мерзімге жоспарланған құрылысты қадағалауға алып, жемқорлыққа итермелейтін әдістерді жоюға жұмылды.
Нұртөре Қалдыбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысының орынбасары:
- Департаментпен ұзақ құрылыстарды сүйемелдеу шеңберінде құрылыстың кепілдік мерзімдерін айқындаудың түрлі практикасы анықталды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың басшыларының бұйрықтарымен құрылыстың кепілдік мерзімі, тиісті талаптарының техникалық ерекшеліктері мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарда кемінде 7 жыл көрсету міндеттелді.