Биыл Қарағанды облысында еңбек инспекциясына 1657 шағым түсті

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасына 7 айда 1657 шағым түскен.

Оның ішінде еңбекке қолайлы жағдай жасалмау және жазатайым оқиғаларға қатысты мәселе көп.

Мысалы, ферроқорытпа зауытында болған оқиғаны ел әлі ұмыта қойған жоқ.  Кісі өліміне әкеп соққан жағдайға жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Кәспорындарда қауіпсіздікке неге салғырт қарайды? Неден олқылық кетті?

Наиль Юсупов көмір шахтасында 35 жыл жұмыс істеген. Қазір мүгедектігі бар кеншілердің құқығын қорғайтын «Уақыт» қоғамық бірлесітігн басқарады.

Наиль Юсупов, "Уақыт" кеншілер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мен 35 жылдық еңбек өтілімде үш түрлі ауруға шалдықтым. Біріншіден өкпем зақымданып, тыныс алуым қиындады. Омыртқамның тірек қызметі бұзылды. Өндірістегі қатты дыбыстардан есту қабілетім нашарлады. Себебі 50 жастан кейін де қаншама жыл еңбек еттім. Жалпы 50 жастан кейін шахтада жұмыс істеу өте қиын. Мұндай ауруларға еңбек жағдайының дұрыс қамтамасыз етілмеуінен шалдыққан біраз таныстарымды білемін. Көбісі мүгедек. Жұмысқа жарамай қалды.

Қарағанды көмір шахталарында 1995 жылдан бастап 150 астам кенші түрлі апаттан қаза тапқан. Соңғысы Костенко шахтасындағы жағдай. 46 отбасы қара жамылды. Осы 30 жылда жарақат алып, мүгедек болып қалғандары қаншама. Кәспорындарда жазатайым жағдайлар жиіліп кетті. Көбіне жұмыс беруші тараптың салғырттығынан болып жатады.-дейді мамандар. Мысалы, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған оқиғаға комиссия жұмыс беруші тарап кінәлі деген қорытынды шығарды. Сегіз адам запдап шегіп, төртеуі көз жұмған еді. 

Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, Бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

- Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды. 

Еңбек жағдайындағы осы бір олқылықты жою үшін кәсіподақтардың беделін көтеріп, тиісті органдар тексерісті күшейтуі керек, дейді қоғам белсендісі, қалалық мәслихаттың депутаты Марат Түсіпов.

Марат Түсіпов, қалалық мәслихат депутаты:

- Осы сұрақты көтергенбіз. Неге мынау қадағалаушы органдар жылына бір рет былтыр, мысалы, үшін шахталарда адамдар қаза тауып жатқан кезде сол шахтадағы еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандардан сұрағанбыз, неге бірнеше рет қарамайсыздар деп. Заңмен шектеп қойған. Екіншіден қолдан келсе, Заңды қарастырып. Өзгерістер енгізіп халықтың, жұмысшыларыдң құқығын қорғайтын, халықтың ішінде болып жатқан кем-кетіктерді реттейтін кәсіподақтар керек. Тәуелсіз кәсіподақтар керек.

Биыл елімізде жұмысшылар құқығының сақталуын тексеру 7%-ға күшейтілген. Соның негізінде Қарағанды облысын алып қарасақ, 7 айда еңбек жағдайындайғы 1657 шағым қаралған. Жұмысшылардың құқығы бұзылуына байланысты 134 ұйымға қаулы толтырылған. Салынған айыппұл көлемі 13 миллион теңгеден асады. 

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар