АЭС салу бойынша референдум өткізу мәселелері туралы қаулы қабылданды
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар.
Бүгін Үкімет отырысында сала мамандары осылай деді. Еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1-орында және толық ядролық отын цикліне ие. АҚШ, Қытай, Франция және Ресейдегі серіктестермен бірлесіп уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылды. Қазір оның өнімі Қытайға экспортталады. Ал Ақтауда 25 жыл бойы әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында тәжірибелік реакторлар бар. Онда атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар Қазақстанды уран өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде ғана емес, атом саласындағы жоғары технологиялық шешімдерде де жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Оларға медициналық және мұнай-газ секторы үшін радиоизотоптар, жартылай өткізгіштер және жүйелік тақта өндірісі жатады. АЭС құрылысы материалдар мен жабдықтар өндірісіндегі құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бюджетке инвестициялар мен салық түсімдерінің ағынын қамтамасыз ете отырып, елдегі технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады.
АЭС салу бойынша референдум туралы қаулы қабылданды
Үкімет Қазақстанда АЭС салу бойынша республикалық референдум өткізу мәселелері жөніндегі қаулы қабылдады. Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізуді тапсырды.