Кентау жылу орталығында сегіз қазандықтың құрылысы жүріп жатыр
Кентаудағы жылу энергия орталығында 8 қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.
Оның екеуі кеңес заманында орнатылған ескі қазандық. Биыл үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, жылу орталығы толық жаңғыртылуда. Қазандықтардың құрылысы қашан аяқталады? Жылу маусымына дейін үлгіре ме?
Жылу орталығындағы қазандықтардың жұмысымен бұл салада 30 жылдық тәжірибесі бар қарағандылық компания айналысуда. Жоба жетекшісі Максим Ивановтың айтуынша, қазандықтардың қабырғаларынан бастап, ауа қыздырғыш, су айдайтын құбырлар, түтін соратын насостар толығымен ауыстырылып жатыр.
Максим Иванов, жоба жетекшісі:
- Жылу энергия орталығы болашақта толық газға көшетіндіктен автомаматты жүйеге көшіріп жатырмыз. Мұнда барлығы бір орталықтан басқарылатын болады. Қазандықтың ішіндегі жанып жатқан оттың температурасы, шығып жатқан жылудың мөлшері бәрі бақылауда болады. Әсіресе, қазандықтардың қауіпсіздігіне баса мән бердік. Табиғаттың тосын мінезіне, кезкелген оқыс жағдайға, жарық сөнген кезде қазандықтарды өшірмей, жылу беруді жалғастыратын боламыз.
Биыл Кентау жылу энергия орталығын толық жөндеуден өткізу үшін Үкімет 13,6 млрд теңге бөлді. Алмақтың да салмағы бар. Осы қаражатты тиімді игеру үшін жергілікті билікке үлкен жауапкершілік жүктелген. Жұмысты жүйелі ұйымдастырып, жылдар бойы жөндеу көрмеген қазандықтардан бастап, түтін шығатын мұржаларын жаңғырту, жылу құбырларын ауыстыру, бір орталықтан басқарылатын автоматты жүйеге көшіру сияқты ауқымды жұмыстар жылу беру маусымына дейін толық атқарылуы тиіс.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қазір мұндағы 8 қазындықтың 6-ы күрделі, екеуі ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан 6 қазандықтың екеуінің құрылысы тамыз айының соңында, екеуі қыркүйектің ортасында тапсырылады деп күтілуде. Қалған екі қазандықтың жұмысы желтоқсан айында аяқталады дейді жауаптылар. Ал ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан екі қазандық қыркүйектің 15-не дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жылу энергия орталығының басшылығы жұмыс кестеге сай, қарқынды жүріп жатқанын айтады. Алдағы жылу беру маусымына төрт жаңа қазандықпен кіреміз деп отыр. Қосымша резервті де қарастырып қойдық, дейді.
Мұхтар Мақұлбекұлы, жылу энергия орталығының бас инженері:
- Төрт жаңа қазандық жылу маусымына дайын болады. Екі қазандық резервте тұрады. Сол себепті биыл енді жылу маусымына жақсы дайындықпен кіретін мүмкіндігіміз бар. Соған дайындық жүріп жатыр. Былтырғыдай резерв жоқ болып, жылу бере алмайтын қауіп сейіліп отыр. Қазір мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Межелеген уақытта бітіріп беруге уәдесін беріп отыр.
Жылу орталығын жаңғырту жұмыстарына 90 адам жұмылдырылған. Олар екі ауысымен үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Себебі бұл нысан үкімет пен облыс басшысының тікелей бақылауында тұр.
Ғалымжан Төлепов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
- 7 мен 8-қазандықтардың мұржасы толық ауысып бітетін болады. Онымен қатар бізде магистральды трасса дейді ғой, оның 6,6 шақырымы ауыстырылады. 4 кері сору насостары да ауысады. Қысқы маусымға дайындық жұмыстарын, оларды сығымдау, тазалау жұмыстарын біз қатар жүргізіп атқардық.
Мұндағы жылу құбырларының ұзындығы 169 шақырым. Орталық жылу маусымында 14 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 350-ге жуық көпқабатты тұрғын үй, 100-ден аса бюджеттік мекеме және 2 мыңнан аса жеке тұрғын үй бар.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов