Астанада оқушылар мен жеңілдігі бар адамдар үшін виртуалды тариф іске қосылды
Астанадағы қоғамдық көліктерде оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін виртуалды тариф іске қосылды.
Ол кешеден бастап жұмыс істеп тұр. Арнайы тарифті рәсімдеу процесі онлайн жасалады. Бұл автобустардағы қозғалысты жеңілдетеді, дейді мамандар.
Альмира Оразбай, тілші:
- Виртуалды тариф қоғамдық көлікте жүруді жеңілдетеді. Мынадай «автобус» мобильді қосымшасын жүктеп, осы арқылы валидация жасауға болады. Яғни арнайы кьюар кодты сканерлеу арқылы валидацияны жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Мобильді қосымшаны смартфоныңызға App Store немесе Google Play арқылы жүктеуге болады. Онда тек кьюар-емес, блютуз немесе автобустың номерін енгізу арқылы валидациялауға мүмкіндік қарастырылған.
Оксана Аубәкірова, "City Transportation Systems" ЖШС баспасөз хатшысы:
- «Сити транспортшейн Системс» компаниясы жаңа виртуалды тарифты қосты. Бар болғаны мобильді қосымшаны жүктеу қажет. Бұл ретте теңгерімнің болуы маңызды емес. Себебі оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін жол ақысы тегін. Тек әрбір смартфонда интернет байланысы болуы шарт.
Виртуалды тарифті рәсімдеу үшін арнайы кассаларға барудың қажеті жоқ. Оны пайдаланушы Тranscard.kz сайтына өтіп, арнайы бөлімдегі «өтінім беру» тетігін басады. Онда қажетті жеке бас мәліметтерін енгізу керек. Осылайша онлайн өтініш беруге болады.
Орынбасар Ағбаев, "City Transportation Systems" ЖШС басқарушы директоры:
- Барлық нұсқаулықты жасаған соң, 3 күн ішінде «виртуалды тариф» іске қосылады. Ол кезде автобус қосымшасына тіркеліп, дайын тұруыңыз қажет. Ол көліктік картаңызбек қатар жүре береді. Яғни өз қалауыңыз бойынша картаны да, виртуалды тарифті де қолдана бересіз.
Қазір елордалық автопаркте мыңға жуық автобус бар. Жаз мезгілінде күніне 600-700 мың адам тасымалданады. Ал басқа мезгілдерде оның саны шамамен 900 мыңға дейін жетеді.
Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев