Қапшағай жағалауында волонтерлер слеті өтті
Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан «Балдәурен» лагерінде Қазақстан халқы Ассамлеясы жастары және республикалық волонтерлер слеті өтті, деп хабарлайды 24kz.
Шарада мемлекеттік тіл мен отандық туризмді ілгерілету мәселелері жан-жақты талқыланды. Слетке 150-ге жуық ерікті қатысты. Олар Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалы мен Кеген ауданының аумағында орналасқан «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсия жасайды. Мұндағы мақсат – тұмса табиғатымен талайды тамсандырған туристік нысандардың жұмысымен танысу және еліміздің курортты өңірлерін насихаттау. Көлсайға былтыр 243 мың турист келген. Биыл олардың саны 300 мыңға жетеді деген болжам бар.
Еламан Төлепберген, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- Мұндай ауқымды слет облысымызда алғашқы рет өткізілуде. Республикалық деңгейде жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, жастарға арналған керемет бағдарламаларымызды таныстырудамыз. Бағдарлама аясында жалпы осы слетқа қатысушы жастар әртүрлі спикерлерден білім нәрін сусындатып, оқу жұмыстары жүргізілетін болады.
Вера Плетнева, облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы:
- Үлкен бір лагерь болайын деп тұр. Бұлардың барлығы жаңағы бір-бірімен танысып, жаңағы Президенттің айтқан Жолдауымен «волонтерлік жұмысты дамыту керек» деп айтылды ғой. Соған орай біз волонтердің не екенін осы лагерьде түсіндіргіміз келеді. Болашақтағы жұмыстарды ары қарай талқылап, қандайда бір шешімге келеді деген ойдамыз.