Көшпенділер ойындарына орай пошта маркасы шығарылды
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған пошта маркасы таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.
Мерейтойлық маркада құс салып тұрған бүркітші бейнеленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүркітші бейнесі кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі ол табандылық пен аманатқа адалдықтың символына айналған. Ал марканың ортасында көшпенділер философиясында уақыт пен кеңістіктің бірлігін бейнелейтін шеңбер орналасқан. Марканың 5 мың данасы жарық көрді. Номиналды құны – 500 теңге. Оны шетелге хат жолдағанда да пайдалануға болады.
Болат Бұхарбай, «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы:
- Әлемде хобби бойынша пошта маркаларын жинау екінші орында, иә. Және бұл марка 5 мың дана ғана, шектеулі, саны шектеулі. Және 5 жылдан кейін, 10 жылдан кейін, 50 жылдан кейін ол үлкен сұранысқа ие болады. Жалпы пошта маркасын дәл осы пошта маркасын пайдаланамын десеңіз, кез келген пошта бөлімшесіне жолығып, хат жолдайтын болсаңыз, сәлемдеме жолдайтын болсаңыз, сол жерде алсаңыз болады.
Сайыскерлерге үш жүз ат жалға беріледі
Қазір көшпенділер ойындарына арналған нысандардың 95%-і дайын. Негізгі іс-шаралар өтетін «Қазанат» атшабары кеңейтілді. Көрермендер отыратын орын саны 2600-ден 10 мыңға ұлғайды. Ойындарға 90 елдің өкілі келеді. Бұлардың арасында Батыс Африка және Оңтүстік Америка елдерінің командалары алғаш рет қатысады. Ұйымдастыру дирекциясы алыстан келетін спортшыларға жалға беретін аттарды да әзірлеп отыр.
Мұратбек Қыпшақбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу және дайындау дирекциясы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда қырғыз елі ғана өзінің аттарымен келетінін нақтылады. Бәйге спорты, көкпар мен көкбөрі спорты өздерінің нақты аттарымен келеді. Қалған келетін спортшыларға дирекция үш жүз атты жалға алып дайындап отыр. Олардың бәріне біз аттарды беріп, қамтамасыз етеміз. Басым бөлігі, көпшілігі, өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңір – Жамбыл облысы, Түркістан облысы деген сияқты. Сол өңірлерден басым көп аттар келеді. Шамамен, қателеспесем, 57 мың теңге.