2030 жылға қарай елде энергия тапшылығы 30%-ке жуықтайды – мамандар

2030 жылға қарай Қазақстанда энергия тапшылығы 30%-ке жуықтайды. Яғни, алдағы 10 жылда елде жалпы қуаты 26,5 ГВт жететін жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет. Тапшылық мәселесін атом электр станциясы шеше алады. Қазір әлемнің дамушы елдері көмір жағудан гөрі атом энергетикасына сүйеніп отыр.

Тұрақты энергия көзі – ол атом электр станциясы. Иә, көмірдің 300 жылдық қоры бар Қазақстан үшін бұл станцияны салу қаншалықты орынды деген сұрақ туындар? Бірақ көмірдің қоршаған ортаға келтірер залалы орасан зор. Сондықтан өндіріс пен экономиканы дамытамыз десек, жасыл энергетикаға жататын АЭС салу маңызды болып тұр бүгінде.

Блиц 1:

- АЭС – ол өте жақсы нәрсе. Қорқатын ештеңесі жоқ. Арзан электр энергиясы. Бүкіл дүниежүзі сонымен күн көріп отыр. Бізге де керек.

Блиц 2:

- Қауіпсіздік жағын Үкімет өзі қарар. Былай мен көзқарасым қарсы емеспін. Халықтың жағдайы жақсарады. Энергия көбейеді.

Блиц 3:

- Қазақстанның экономикасы дамып жатқандықтан, электр энергиясы керек. Біз біразын шетелден сатып алып жатырмын. Ал АЭС болса өзімізде пайдаланамыз, басқаларына да сатамыз.

Блиц 4:

- Қауіпті жерлері де қауіпсіз жерлері де көп. Қаупінен гөрі пайдасы көп. Оның негізі алдын алуымыз керек.

Мамандардың пайымдауынша, 2030 жылға қарай елде энергия тапшылығы 30%-ке жуықтайды. Қазір көмір жағатын станциялар бұл тапшылықтың орнын толтыра алмайтыны анық. Мәселен, былтыр Румынияда бар жалғыз атом электр станциясы 20% электр энергиясын өндірген. Ал бұл станцияның жұмыс істеп тұрғанына 30 жылға жуықтады. Қазір бар 2 энергоблокқа қосымша тағы соншасын салу жоспарланып отыр.

Андрей Гойча, Nucleareurope атом энергиясы саясаты жөніндегі директоры, (Румыния):

- Атом электр станциясы өндіретін өнім – ол тұрақты электр энергиясы. Бұл біздің ұлттық энергобалансымыз үшін аса маңызды. Болашақта Румыния атом энергетикасына ғана сүйенетін болады. Қазір Чернаводэ станциясының 1 блогын жаңғырту жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Оның жұмыс істеу мерзімі 30 жылға ұзаратын болады. Бұдан бөлек, қосымша 2 блок салынуда. Оларлың барлығыны үшінші буындағы реакторлардан тұрады. Осылайша, Чернаводэ атом электр станциясында үшінші және төртінші энергоблок пайда болады.

Айта кету керек, Қазақстанда да АЭС салу үшін осы III және III+ буынының реакторлары ұсынылып отыр. Мамандардың сөзінше, олардың барлығы қауіпсіз. Қазір бұндай реакторлар Қытайда, Францияда, Оңтүстік Кореяда салынуда. Ал АҚШ пен Жапония бұндай қондырғыларды қазірдің өзінде қолданып жатыр.

Авторы: Риат Шони