Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге арнайы төлем тағайындалады

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлем үлкен қолдау болды, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа айтып өткендей төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңге. Қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың өтініштерін қарап жатыр. Жаңа әлеуметтік жобаның ерекшеліктері қандай?

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бүгінде өнеркәсіп өндірісінде 80 мыңдай отандасымыз еңбек етеді. Зауыт-фабрикаларда, кен орындарында зиянды жұмысқа тартылғандардың 20 мыңы әйелдер. Жасы 50-ге таяғанда шахтерлер мен металлургтер, дәнекерлеушілер, өзге де жұмысшы мамандық иелерінің денсаулығы сыр беретіні рас. Көбі медициналық ұйымдарда тіркеуге тұрады. Тыныс алу жолдары мен тірек-қимыл аппараты аурулары мазалайды. Енді зиянды өндірісте 7 жыл өтілі бар, 55-ке толған азаматтар жеңіл жұмысқа ауысса немесе еңбек демалысына шығам десе 2024 жылдың басынан бастап 208 мың теңгеге дейінгі мөлшерде арнайы әлеуметтік төлем ала алады. Қазір заңгерлер мен еңбек комитеттерінің өкілдері өндіріс орындарын аралап, заңдағы жеңілдіктерді түсіндіруде. Жәрдемақы республикалық бюджеттен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және сақтандыру қорынан төленеді.

Риза Ахметова, ШҚО Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы:

- Азаматтар бұл жаңалықты жақсы қабылдады. Өйткені бұл кісілерге әлеуметтік қорғау болып саналады. Өйткені бұл кісілер зиянды жұмыстардан шығады және әрі қарай жеңіл жұмыстарда жұмыс істеуге үйренуге болады. Сонымен қатар жалақы ала береді.

55 жастағы Сергей Беляков 10 жыл шахтада жұмыс істепті. Соңғы жылдары денсаулығына байланысты қызметтен қол үзуге мәжбүр болған еді. Заңгерлердің қабылдауында болып, тиісті құқықтық кеңес алды. Келешекте арнайы әлеуметтік төлем рәсімдеп, туған ауылында жеңілдеу жмұыспен айналыспақшы.

Сергей Беляков, Белоусовка ауылының тұрғыны:

- Жеңілдеу жұмыспен айналысам ба, әлде өз шаруашылығыммен шұғылданам ба, әлі шешкен жоқпын. Қалай болғанда да арнайы әлеуметтік төлемақы бізге үлкен көмек. Қазір үйді жөндеп жатырмын. Бұрын жылда еңбек демалысы кезінде көп нәрсеге үлгермейтінмін.

Биыл енгізілген әлеуметтік жеңілдіктер өнеркәсіп саласындағы қазақстандықтарды қуантып отыр. Бұрын зейнеталды жастағы шахтерлар мен металлургтер денсаулығынан кінәрат табылып, жұмысссыз қалам ба деп қорқатын. Енді керісінше, жұмысшылар далада қалмайды, арнайы әлеуметтік төлем арқылы материалдық қолдауға ие болады.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов