Қазақстандық ЖОО-ларда жыл сайын 2000-нан астам энергетик даярланады
Қазақстандық жоғары оқу орындарында жыл сайын 2 мыңнан астам энергетик даярланады, деп хабарлайды 24kz.
Сондықтан атом электр станциясы салынған жағдайда оның үздіксіз қуат өндіруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын мамандар шоғыры бар. Бұл туралы Астанадағы «KazAtomExpo» халықаралық көрмесінде айтылды. Қазақстандағы ядролық технологияларды дамытуға бағытталған іс-шарада атом өнеркәсібі мен энергетикасының әлеуеті таныстырылды. Іскерлік алаңда отандық және халықаралық сарапшылар өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Атом электр станциясының құрылысына ниет білдірген Оңтүстік Корея, Франция, Қытай және Ресей ұйымдарының ғылыми және технологиялық мүмкіндіктері кешенді талдаудан өткізіледі. Басты талап – қауіпсіздік.
Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:
- 4 компанияның да ұсынып отырғаны – қауіпсіздік жағынан әлемдегі ең теңдессіз SU-SU 2 контурлы реактор. Мысалға бәрімізде көлік бар. Әркім әртүрлі таңдайды. Әрқайсысының шарттары, технологиялары әртүрлі. Бірақ басты мәселе – ол бір типті атом электр станциясы. Қазақстанға ең қажеттісі – қауіпсіздік. Біздің институтта SU-SU зерттеу реакторы бар. МАГАТЭ талабы бойынша зерттеу реакторы мен АЭС қойылатын талаптары бірдей. Сондықтан 57 жыл болды біз атом электр станциясында жұмыс істеп жүрміз. Биыл МАГАТЭ бізге тексеріспен келіп кетті. Осы 57 жылда бір ескерту алғанымыз жоқ.