Алматыдағы Есентай өзенінің бойында каскад құрылысы басталды

Алматыда өзен ағысын тежейтін жүйе салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

«Судың жылдамдығын тежейтін жүйе қыс мезгілінде мұз көшуінің алдын алады»,- дейді мамандар.

Былтыр желтоқсан айында дәл қаланың ортасында болған мұз көшкіні тұрғындардың үрейін туғызған еді. Есентай өзенінің арнасынан аса жылдам екпінмен жылжыған мұз бен борпылдақ қар көпірдің қоршауын бұзып, ағызып әкетті.

Азат Кәкетаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

- Мұз көшкіні жағалаудағы инфрақұрылымды зақымдады. Өзен арнасын тазарту мен қалпына келтіруге көп күш жұмсалды. Жағдай қайталанбас үшін биыл каскад құрылысы басталды.

Каскад жүйесі судың ағынын азайтып, күн күрт жылынған кезде болатын мұз бен қар көшкінінің алдын алады. Өзен суы алып бетон құрылымдағы арнайы тесіктер арқылы өтеді де, мұз бен қоқыстарды бөгет ұстап қалады.

Нұрлан Мұздыбаев, Есентай өзені бойынша учаске басшысы:

- Өзен бетіне жиналатын  мұздарды ұстауға арналған бұл жүйе арнайы сараптамадан өткен. Құрылым өте мықты. Сонымен қатар жүк көліктерінің өзен жағасына кіруіне арнайы жол жасалады. Бөгетке жиналған мұз дер кезінде тазаланып тұрады.

Есентай өзенінің Әл-Фараби даңғылынан жоғары бойында жүз шақты отбасы тұрады. Қала ортасындағы жағалау тұрғындар мен қала қонақтарының жыл он екі ай бойы серуендейтін сүйікті орнына айналған.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Суды іркіп жіберетін нысанның құрылысы қарқынды жүруде, дәл қазір бірінші каскад үшін котлован қазылып, өзен суы уақытша лоток арқылы жіберілуде. Бетон құйылып, орнатылған соң су өзен арнасымен ағады. Дәл осындай тағы бір каскад 45 метр төменде салынады. Сондай-ақ жоғарыда Оспанов көшесіндегі көпір тұсында таудан келетін мұз бен қоқысты іркетін тағы бір тосқауыл қойылады.

Каскад құрылысын алдағы қараша айынының соңына дейін аяқтау жоспарланған. «Жүйе іске қосылған соң өзен суынан келер қауіп сейіледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов