Биыл 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық анықталды

Елде интернет-алаяқтық өршіп тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе қауіпсіздік қызметі, банк немесе құқық қорғау қызметкерлері атынан қоңырау шалып, жалған қызмет түрін ұсынатындар көп. Жыл басынан бері мұндай заңбұзушылықтың 11 мыңнан астам түрі анықталған. Бұл ресми органдарға аян мәлімет қана.

Сорақысы сол, қазір жасанды интеллектінің көмегімен өтірікті суша сапырып, қарапайым халықты сан соқтыру дерегі жиілеген.

Қазір ғаламтор кеңістігінде ненің жалған, ненің рас екендігін ажырату қиынға соқты. Мультимедиялық технологиялар мүмкіндігін пайдаланған алаяқтар интернет арқылы да қылмыстық әрекетке барып жатыр. Ол көбінесе азаматтардың жеке деректерін ұрлау, оларға жалған жарнама немесе қызмет түрлерін ұсыну деуге болады.

Мысалы, мына видеода «24KZ» арнасының тележүргізушісі қазақстандық блогердің қаржылық жобасын жарнамалап жатыр деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда тележүргізуші күмәнді ұйымдар арқылы жеңіл ақша табудың жолдарын ешқашан насихаттамағанын айтады.

Динара Саду, телжүргізуші:

- Соңғы кездері менің видеоларымды алаяқтар осылай өз мақсаттарында жиі пайдаланып жүр. Тіпті жақындарым, таныстарым да жіберетін болды. Ең қынжылтатыны, бұған адамдар сенеді.

«Дипфейк деп аталатын интернет-алаяқтықтың мұндай түрі қазір көп тараған және ол жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады», – дейді мамандар.

Медет Турин, киберқауіпсіздік саласының маманы:

- Бір адамның фото, видеолары алынады да, басқа бір сипаттағы видеомен жасанды интеллект арқылы генерация жасалып, бет-жүзі, дауыстары, сөйлеу мәнері сәйкестендіріледі.

Қарапайым адамдар мұндай генерацияланған видеоны сапасына байланысты ажырата алуы мүмкін. Мысалы, видеода адамның сөйлеуі мен іс-қимылдары сәйкеспейтін тұсы болады. Алайда Stopfake.kz маманы Татьяна Камышеваның айтуынша, технология бір орында тұрмайды.

Татьяна Карамышева, Stopfake.kz порталының маманы:

- Мұндай сәйкеспейтін тұстарды іздеп, видеоның олқы тұстарын зерттеп отыру біз үшін алаяқтарды әшкерелеудің басты жолы болмауы керек. Себебі алдағы жарты жылда мұндай айырмашылықтар мүлде болмауы да мүмкін. Технология қарқынды дамып жатыр.

Иә, болашақта мұндай олқылықтарды тіпті кәсіби IT маманы да көре алмауы мүмкін. «Сондықтан тығырықтан шығудың басты жолы цифрлық тұрғыда сауатты болып, кез келген ақпаратты сүзгіден өткізе білу қабілетін дамытқан жөн», – дейді мамандар.

Авторы: Мөлдір Молдағали.