Таразда 22 көпқабатты үй қалыпқа келтіріледі
Таразда 22 көпқабатты үй жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Соның ішінде 5 жатақхана бар. Бүл үйлер 1975 жылдан бері қалыпқа келтірілмеген. Жыл басында жұртшылық баспаналарының тозып тұрғанын айтып шағымданған еді. Мәселе телеарнамызда да көтерілген болатын. Жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Бұл – қаладағы «Салтанат» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірі. Бастапқыда жатақхана болған ғимарат. Кейін тұрғындар бөлмелерден пәтер жасап алған. Ұзақ уақыт жөндеу көрмегендіктен, баспаналар тозып тұрған еді. Жұрт қабырғасы жарылып, едені көтеріліп, инженерлік желілері істен шыққан үйде көп жыл машақатпен тұрып келді. Ал биыл бюджеттен қаражат бөлініп, үй толықтай қалыпқа келтіріліп жатыр. «Бұл біз үшін үлкен арман еді», – дейді қала тұрғыны Жанар Қуанышбекова.
Жанар Қуанышбекова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Барлығы қаусап тұрған еді. Қазір үйімізде ыстық су, жылу бар. Электр желілерін жөндеді. Үйдің қасбетін, шатырын да ауыстырып берді. Баспанамыз әдемі әрі жайлы болып қалды. Алғысымыз шексіз.
Гаухар Аймаханова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Осы «Салтанат» мөлтекауданында тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл уақытта ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Міне, биыл осы күрделі жұмыстар, ішкі-сыртқы жұмыстар жасалып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Осы жұмыстарды істеп жүрген жұмысшыларға көп рақмет, алғысымыз шексіз ол кісілерге.
Тараз қаласындағы 5 бірдей жатақхана осындай күрделі жөндеуден өтеді. Барлық жұмыс қыркүйекке дейін бітуі тиіс. Бір ғимаратты қалыпқа келтіруге 110 миллион теңге бөлінген. «Қаражаттың 70-75%-ін тұрғындар ай сайын төлеу арқылы қайтарады», – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
- Бізде жатақханада тұратындар – негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Бұл жерде біздер мынау күрделі жөндеуге кететін шығындардың бір бөлігін, үйлердің шатыры мен қасбетін жергілікті бюджет есебінен төлеп жатырмыз. Бұл тұрғындарға айлық төлемін төмен төлеуге мүмкіндік береді.
Қала бойынша 22 үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Келешекте тағы 53 үйді қалыпқа келтіру жоспарда бар. Жалпы көне шаһарда 600-ден астам көпқабатты үйді қалыпқа келтіру қажет.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә.