Қапшағай су қоймасына 1,5 млн демалушы келді

Қапшағай су қоймасына биылғы шомылу маусымында 1,5 млн турист келді, деп хабарлайды 24KZ.

Оларға 140-тан астам демалыс орны қызмет көрсетті. Көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытып, келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында заманға сай демалыс орындары салынып, халық игілігіне беріліп жатыр.

Қапшағай су қоймасына келушілер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы мұнда 1 млн 300 мың турист келсе, биыл олардың саны 1,5 миллионға жетті. «Оған оң әсер еткен көл жағалауындағы инфрақұрылым мен сервистік қызмет көрсету сапасының жақсаруы», – дейді демалушылар.

Мәлік Сәлменұлы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры:

- Бұл енді инфраструктура өте тамаша деп ойлаймын. Бүгін келіп, орын жоқ 2-3 күннен бері. Келіп демалып, суға түсіп, шипа алып жатқан жағдайымыз бар. Әлде де, әрине, тағы да бұдан да жақсарады деген бағыттамыз. Оған инфрақұрылым халықтың көңілінен шығу үшін, ел үшін біраз жұмыс істеледі деп ойлаймын.

Көл жағалауындағы демалыс орындары халыққа сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, оларға рухани демалыс сыйлау мәселесін де жан-жақты қарастырған. Мәселен, жаңадан ашылған мына пансионатта Шәкен Айманов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Асанәлі Әшімов сияқты қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған корифейлердің өмірбаянымен танысуға болады. Демалыс орнының ауласына кино және театр өнерінің алып бәйтерегіне баланған Асанәлі Әшімов пен қазақтың қабырғалы қаламгері Қадыр Мырза Әлінің бюсті орнатылған. 

Донеділ Қажымов, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры:

- Бұл, мен ойлаймын, өте дұрыс. Себебі жай ғана күнге қыздырынып, құмға аунап кету емес, әрбір демалыстың артында сондай бір рухани тыныс алатын, рухани шабыт алатындай бір демалыстың сондай әсері болса, ол енді нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Осындай үлкен біздің мына корифейлерімізге, жасөспірім таланттарға қолдау көрсетіп келе жатыр. Өнер адамына халықтың атынан беріліп жатқан баға деп ойлаймын.

Гүлнар Бесбаева, демалыс орнының әкімгері:

- Біз жаз мезгілінде ғана жұмыс жасайтынбыз. Енді қазір жыл бойы жұмыс істейміз. Қонақүй 98 орындық. Оның ішінде фитнес залы бар. Мейрамханасы, бассейн – бәрі бар. Кешен болады.

Қапшағай су қоймасының жағалауында 140-тан астам демалыс орны бар. Олардың міндеті халыққа көрсетілетін қызмет сапасын барынша жақсарту болса, жергілікті атқарушы билік өкілдері туризм саласын ілгерілетуге бағытталған ілкімді жобаларға қолдау көрсетуі тиіс. 

Айдын Ерханұлы, Қонаев қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда Қонаев қаласында туризм саласы бойынша 9 инвестициялық жоба бар. Сонымен қатар абаттандыру бойынша 8-ші қалалық жағажай мемлекет тарапынан инвесторларға берілді. Оның іске асырылу мерзімі: 2024-2025 жылдар. Содан бөлек, 1 шақырымда қалалық жағадайдың жағалауы абаттандырылып жатыр.

Қонаев қаласының аумағында 2024-2030 жылдар аралығында 26 инвестициялық жоба жүзеге асады. Олардың жалпы құны – 470 млрд теңге. Аталған жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.