Т. Дүйсенова Павлодар облысындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Екібастұзда балаларға қосымша білім беріп, шығармашылығын шыңдайтын «Самғау» орталығы қыркүйек айында ел игілігіне берілуге тиіс, деп хабарлайды 24KZ.

Сол кезде жергілікті оқушыларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші екі есе артып, 70%-ке жетеді. Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова орталықтың жұмысымен танысып, кестеден кешікпеуді тапсырды. Бұдан бөлек, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова алдымен Екібастұз қаласындағы Балалар шығармашылығы орталығына барды. «Самғау» балаларға қосымша білім беру мекемесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатыр. Орталық жоғары технологиялық құралдармен жабдықталып, қосымша білім берудің озық үлгілерін қамтиды.   

Самал  Айтқазина, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы:

- Осы Екібастұз қаласында тек қана 3 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Ондағы балалар санының пайыздық үлесі 31% ғана қамтыған. Бүгінгі таңда осы қосымша білім беру мекемесін ашқан жағдайда 9 мың баланы қамтитын мүмкіндігіміз бар.

Вице-премьер облыс орталығындағы Малайсары батыр атындағы орта мектептің цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстарымен танысты.  Мұнда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін FaseID жүйесі енгізілген. Цифрлық жүйе мектеп асханасында төлем  жасауда да қолданылады. Павлодар облысы білім көрсеткіші жағынан еліміз бойынша үздік бестікке кіреді. Жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсенова білім беру ұйымының басшыларымен кеңес өткізіп, білім беру сапасын одан әрі арттыру бағытында атқарылып жатқан жобаларға тоқталды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Барлық мектепті 3 категорияға бөліп, ең негізгі мақсатты мектептерді қарап жатырмыз. Жалпы мұндай мектептер республика көлемінде 2 мыңнан аса. Ал Павлодар облысында 82 осындай мектеп. Олар – ең қазіргі методикалық көмекті қажет етіп отырған мектептер және мұғалімдердің білім деңгейін көтеру қажетті мектептер. Соны қалай ұйымдастырып жатырмыз, соны қарастырдық.

Вице-премьер сонымен қатар мектеп қабырғасындағы жаңа кәсіптер атласымен танысты. Ол 9 және 11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру үшін қолданылады. Тамара Дүйсенова оқушының кәсіби бағытын айқындаумен қатар білім беру сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта атқырылып жатқан жұмыс аз емес. Қазір облыс орталығында жобалық кеңсе құрылған. Үздік білім беру бағдарламаларын тарату, мақсатты мектептермен нақты жұмыс жүргізу арқылы сапаны арттыру жөніндегі жұмыс алгоритмі айқындалған. Вице-премьер жергілікті әкімдіктерге жаңа тәжірибені орта мектептерге енгізу тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ медицина саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сәтті жүзеге асқан тың жобамен танысты. Жаңа клиника Павлодардың №4 емханасының базасында құрылып, жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Жоба медициналық мекеменің кадрлық әлеуетін арттырып, ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Емхана базасында денсаулық сақтау мекемелері басшыларының қатысуымен жиын өтіп, саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Әсіресе қызмет көрсету сапасы, азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуға көңіл бөлінді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Азаматтарды сақтандыру жүйесінен өткізу керек. Ертең сақтандыру жүйесінен өткеннен кейін әрбір азамат келіп, өзіне қажетті медициналық көмекті мемлекет тарапынан немесе сақтандыру қорынан толық көлемде алу керек. Азаматтың қанша қаражат аударғанына байланысты емес, ол азаматқа қазір қандай медициналық көмек керек, соның көлемінде ол көмекті алуы керек.

Тамара Дүйсенова Павлодар облысына сапары аясында «Жайлы мектеп» жобасының құрылысымен және «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысымен танысады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.