Қазақстандық оқушылардың елге оралуына Ресей тарапы атсалысады

Осы жағдайға байланысты Ресей Федерациясының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова Аэрофлот компаниясына өтініш жазған.

Бұл туралы Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева арнамызға берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік әріптестер қазақстандық топқа қайтар жолдың билеттерін алуға көмектесуге тырысады.

Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Қазақстандық топтың Мәскеудегі ішкі тексеріске байланысты Санкт-Петербургке ұша алмай қалғанын білгенде мен Ресей Федерациясының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға хабарластым. Олардың өкілі Аэрофлот компаниясына өтініш жазды. Қазақстандық балаларға елге оралуға қолдан келгенше көмектесесіп, Санкт-Петербургтен Мәскеуге, яғни қайтардағы ұшақ билеттерін алуға барынша жәрдемдесуге тырысамыз деп сендірді. Ал балаларын шетелге лагерьге жіберуге бел буған ата-аналарға алдымен ұйымдастырушы компания туралы барынша зерделеп, тексеріп алуға кеңес береміз.