Алматы балабақшаларында «Жас аналар театр студиясы» жобасы іске асырылып жатыр

Жоба аясында ата-аналар мен балалар бірігіп жаңа бағытта әсерлі қойылымдар ұсынды.

Спектакльде көрермен де өздері, өнер көрсететін де өздері. Жаңа әдісті Алматыдағы нөмірі бірінші мемлекеттік бөбекжай-бақшасы алғаш рет тәжірибе жүзінде көрсетті.

Ата-аналар бұрын балабақшаға үнемі көрермен ретінде келетін. Енді олар өздері де қойылымға қатысып, балаларымен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Иммерсивті театр ерекшелігі де осы. Жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Раушан Тұмаеваның айтуынша, бұл әдіс баланың өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.

Раушан Тұмаева, білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

-Ең басты міндет балабақшаның алдына алып отырған–ата-аналармен жұмысты нығайту, тәрбиешілер мен ата-аналар арасында бірлескен қойылым қою арқылы балабақша мен ата-аналар үштік одақтың жұмысын нығайту мақсатында қойып отыр.

Ұсынылған төрт қойылымның әрқайсысының астарында терең мағына жатыр. Мысалы, «Жеті лақ» ертегісінде тәрбиешілер мен ата-аналар буллинг мәселесін ашуға тырысқан. Тағы бір қызықты көрініс – балаларды қоршаған ортаға дұрыс қарауға үйрететін «Мақта қыз бен Мысық» спектаклі. Қойылымдардың барлық киімдерін әдіскерлермен бірге өзіміз дайындадық, - дейді аналардың бірі Сәуле Нұржан. 

Сәуле Нұржан, ата-ана:

-Қазір көп ата-ана жұмыс істейді, мен оны түсінемін. Жұмыспен балаға уақыт бөлу аз. Сол себепті балалар тек телефон қарайды және де оларға көңіл бөлу өте аз. Балалбақшадағы тәрбиеші мен ата-ана және бала сол үштік қосылып жұмыс жасаса өте жоғары деңгейде, жоғары сапада білім болады деп ойлаймын.

Жобаның тұсаукесеріне жекеменшік балабақша қызметкерлері де шақырылды. Семинар барысында тәрбиешілер өз тәжірибелерімен бөлісіп, педагогикалық процестегі маңызды мәселелерді талқылады.

Уәзипа Шаймаханова, №1 бөбекжай-балабақшасының әдіскері:

-Біздің балабақша жылдық міндеттеме алды. Театр арқылы балалардың сөйлеу тілін дамыту. Яғни біз бүгін әдістемелік нұсқаулықта берілген тапсырмамен бірге ертегі арқылы соны көресеткіміз келді. Осы иммерсивті қойылым ұнады. Бұл жерде қатысушы мен зал болып бөлінбейді. Бұл жерде бәрі қатысушы, бәрі ойнап жүре береді.

Жоба аясында мұндай қойылымдар балабақшада айына бір рет ұйымдастырылады. Театр қойылымында барлық деңгейдегі топтар қамтылады.

Гүлжан Көленқызы, Наргиза Такежанова, Эдуард Кон