Павлодар облысында биыл бес жайлы мектеп салынады
Павлодар облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 5 мектеп салынады, деп хабарлайды 24kz.
Соның бірі – Достық шағынауданында бой көтерген 1200 орындық білім ошағы қараша айында қолданысқа берілмек.
Аталған өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ұлттық жоба аясында құрылысы басталған біраз әлеуметтік нысандарды көрді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылармен кездесіп, кәсіп түрлерімен танысты.
Бүгінде Павлодар облысында 7 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Оқушыларға орын тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірде биыл 5 жайлы мектеп салынады. Соның бірі – Достық шағын ауданында. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жаңадан салынып жатқан жайлы мектептің құрылысымен танысып, басы-қасында жүргендерге сапаға мән беруді және кестеден кешікпеуді тапсырды. Білім ошағы қараша айында қолданысқа берілуге тиіс.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Негізі енді қалған бізде Усолка деген шағынаудан бар кеше біз поликлиникаға барған. Дәл сол жерге бізге үлкен бір 1200 орындық мектеп керек. Біз жердің бәрін дайындадық. Енді сол мектепті салсақ, онда біз мына үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесін шешеміз толықтай.
Жыл соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында 30 медициналық мекеме бой көтереді. Жеті жүздей тұрғыны бар Заңғар ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталған. Тамар Дүйсенова құрылыс сапасына мән беруді тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Успен ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылармен кездесті. Аудан орталығында алғаш рет етік тігетін цех ашқан Ерзада Тұрсынбек енді «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5%-тік несие алуға құжат жинап жатыр. Жасыратыны жоқ, ауыл адамдары алған несиеге көп жағдайда мал сатып алады. Тамара Дүйсенова жас кәсіпкерді өңдеу саласына мән беруге шақырды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Өнім сату керек. Мынаны алып кеп сатсаңыз бір баға. Мынаны сатсаңыз, екінші баға. Солай ғой, мұның қосымша құны бар ішінде. Жаңа 40 мың деп сатып жатырсыздар. Өнім де басқа болады, қаражат та басқа болады, табыс та басқа болады. Сондықтан меніңше, осы жақты қолдау керек шығар.
Ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 16,5 миллион теңге несие алған Гүлмира Әубәкірова мал сою пунктін ашқан. Ал Қаныш Жүсіпбеков мемлекет берген жеңілдікті пайдаланып, құс өсіруді қолға алыпты. Қысқа мерзімде несие рәсімдеп үлгерген ол құстың санын 400-ге жеткізген
Қаныш Жүсіпбеков, кәсіпкер:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы мен жаңалықтардан көрдім. Ауыл тұрғындары үшін кәсібін дамытуға бұл таптырмас мүмкіндік. Мен бұған дейін тауық асырап келген едім. Жалпы қаз өсіру өте тиімді кәсіп. Ауыл тұрғындары 100 басқа дейін қаз асырай алады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен табыс тауып отырғандардың бірі – Айгүл Алдоңғарова. Мүгедектігі бар әйел он сиыр сауып, сүтінен түрлі өнім жасап сатады.
Айгүл Алдоңғарова, кәсіпкер:
- Он бір бас сиыр алдым. Құрал-жабдықтар алдым. Сүт тартатын машина алдым.
Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу жеңілдейді. Павлодар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының базасында жаңа ақпараттық жүйе сынақтан өтіп жатыр. Қатысушылар үйден шықпай-ақ өтініш бере алады. Жақында елімізде халықтың жоғары несиелендіру мәселесі де шешіле бастайды. «Аманат» партиясы Жамбыл облысында жүзеге асқан пилоттық жоба тұрғысында халықты проблемалық қарыздардан арылту үшін бизнес негіздеріне оқытуды ұсынды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Мына «Аманат» партиясы осыны бізге ұсыныс ретінде ендіріп отыр. Ол азаматтарды кіргізейік, содан кейін банкпен келісіп өздерінің шоттарын олар шот аша алмай отыр ғой, ашады, сонымен олар қарыздарын деструктуризация жасасын, егер де азамат жұмыс істеп, табыс тауып жаңағы кезең-кезеңімен өзінің қаражатын төлеп отыратын болса мүмкіндік берейік деп. Дәл осы механизмді қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен Үкіметте бірге қарап шығамыз.
Вице-премьер облыс активімен кездесуде халық арасында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін кеңінен насихаттауға шақырды. Әсіресе, өнім өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Әкімдердің жұмысы отбасылардың әл-ауқатының деңгейіне қарай бағаланады. Ол үшін Отбасының цифрлық картасындағы деректер пайдаланылады. Жалпы Тамара Дүйсенова өңірдегі атқарылып жатқан істерге жақсы баға берді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков