Көшпенділер ойындарының медалінде қандай белгілер бейнеленген?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 10 күн қалды, деп хабарлайды 24kz.

Дүбірлі додада 21 спорт түрінен барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазір жүлделер толығымен дайын. Онда қандай белгілер бейнеленген? Ерекшелігі неде?

Мерей Қанапияның материалында.

- Ат үстіндегі Күн басты адам бейнесі көшпенділер өркениетінің негізгі белгісі. Сол ерекшелік медальда бедерленген. Сондай-ақ отандық дизайнерлер спорт, мәдениет, ғылым салаларын қамтитын негізгі 3 символды біріктіріп, бейнелеген. Ал оның барлығын Қазақстан халқының бірлігін насихаттайтын шаңырақ көмкеріп тұр.

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:

- Көшпенділердің тарихына қараған кезде осы Күн басты адам руникалық жазбаларда киелі таңба жақсы жаңалықты білдірген. Ол кездегі көшпенділердің күнге сену деген сияқты тенгриян сенімдері болғандықтан жасалған. Бұл негізгі авторлары қырғыз бауырларымыз. Көшпенділер ойындарын да солар ойлап тапқан. Логотип, медаль жасаған кезде Күн басты адам міндетті түрде болу керек деген талап бар. 

Дүбірлі дода аясында алтын, күміс, қола барлығын қосқанда 581 медаль жасалды. Ұйымдастырушылар бірнеше дизайнер ұсынған үлгілердің арасынан дәл осы түрін таңдап алған. «Себебі оның мән-мағынасы жоғары, пішіні де ерекше», - дейді мамандар. Көшпенділер ойындарының тағы бір ерекшелігі – жүлде саны бойынша жалпы командалылық есеп, рейтинг деген ұғым жоқ.

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:

- Жалпы медальдық зачет деген болмаған. Бұл жерде авторлар жасаған кезде әлемнің ең мықты палуаны, ең мықты көкпаршы деген сияқты атақ берілген. Ал ұлттық құрамалар, мемлекеттер арасында жалпы санақ жасалмаған. Командалық есеп болмаған. 

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйектің 8-інен басталып, 13-іне дейін жалғасады. Оған 89 елден 2500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жалпы жүлде қоры 253 миллион теңге. Бұл қаржы түрлі демеушілердің есебінен болмақшы.

Авторлары: Мерей Қанапия, Өрден Жарқын.