Атбасарда 200 отбасына пәтер кілті табысталды

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен 127 отбасына су жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұдан бөлек, баспаналы болу бақыты тағы 73 жанұяға бұйырды. Өйткені тұрғындар қоныстанған аймақ қауіпті деп танылған. Осылайша, жергілікті билік халықты қауіпсіз жерге көшіру мәселесін жыл соңына дейін шешпек.

Атбасардағы қоныстой Конституция күнімен тұспа-тұс келді. 200 отбасына берілген баспана қаланың қауіпсіз бөлігінде орналасқан. Әрлеуі бар пәтерлер жылытқыш пен сантехникалық жабдықтармен жабдықталған. Үйлі болған жұрт жергілікті биліктің жиі болатын су тасқынының салдарымен емес, себебімен күрескеніне дән риза. 

Есен Мұсажанов, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Біз бәріміз Жабайы бойында тұрдық. Бұрынғы үйлеріміз су апаты жерінде болды. Жылда су келе жатқанда біз қорқатынбыз. 2024 жылы пәтерімізді салып, бүгін кілтімізді беріп, біздің қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Шексіз алғыс айтамыз.

Апаттың алдын алу жұмыстары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірумен шектелмейді. Су арнасы толық тазартылып, жағалары нығайтылмақ. Қазір осы бағыт бойынша ғылыми зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Даладан келген су да қала тұрғындарына өзінің кері әсерін тигізетін. Сондықтан 3 шлюз жасап, сол суды ағып өтетіндей, ешқандай зардап келтірмейтіндей Атбасарға үлкен жоба бар. Соны іске асырып жатырмыз. Қаражат бөлінді.

Бұдан бөлек, мемлекеттен берілген қаржылай көмек бойынша 38 отбасы баспаналы болды. Ал қоныстойын тойлайтындардың саны алдағы айларда тағы артады. 145 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталуға жақын. Тұрғындардың бір бөлігі қыркүйек айында, ал екінші жартысы Республика күні қарсаңында қоныс теппек.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Бағдат Қайыркен.