Конституциялық Сот қандай өтініштерді қабылдайды?

Былтырғы қаңтардан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде бірқатар нормативтік қаулы қабылданды. Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық Сот құрылды. Кез келген азамат, прокурор, омбудсмен заңның бұрмаланғанын байқаса, осы органға жүгіне алады. Конституциялық Сот қандай өтініштерді қабылдайды? Қазір оның жұмысы қалай жүзеге асып жатыр?

2023 жылдың бірінші қаңтарында Конституциялық Сот құрылды. Қандай да бір заңның Ата Заңға сәйкестігі күдік тудырса немесе «менің құқығымды шектеп жатыр» деген азаматтың бәрі осы органға шағымдана алады. Бүгінде құрылым қазақстандықтардың құқығын қорғайтын бірегей институтқа айналып отыр. Бірақ оның құзыретін халықтың басым бөлігі әлі де болсын толық біле қойған жоқ.

Әмір Омаров, ҚР Конституциялық Соты сараптама бөлімі басшысының орынбасары

- Қазақстандықтардың көбі бұл соттың функциясын түсіне бермейді. Ол кез келген заңды емес, нақты Конституцияға сәйкес келмейтін заңға негізделген соттың шешімін қарайды. Қазір азаматтардың өтінішін соттан бұрын қарайтын аппарат бар. Егер өтінішіңіз дұрыс берілмесе, оны қайтарады. Азамат оны жетілдіріп, қайта өтініш беруі тиіс. Егер дұрыстығы дәлелденсе, сонда ғана ол Конституциялық Сот судьясының қарауына өтеді.

Бүгінге дейін сотқа конституциялық құқығым шектелді деген 7 мыңға жуық азаматтан өтініш түскен. Нәтижесінде 252 шешім қабылданды. Оның ішінде 50 нормативтік қаулы заңдар мен заңға тәуелді актілердің нақты нормаларының Ата Заңға сәйкес келмейтіндігіне тиесілі. Жалпы ай сайын бұл органға әділдік іздеген азаматтардан 500-ден астам өтініш түседі екен.

Арайлым Бейсенбаева, заңгер:

- Конституциялық Сот азаматтардың құқықтарын әртүрлі бағытта қорғайды. Бұл құқықтарға сөз бостандығы, дін бостандығы, еңбек құқығы, жекеменшік құқық, теңдік пен кемсітушілікке жол бермеу, әділ сотталу құқығы және басқа жатады. Мысалы, егер қандай да заң немесе шешім адамның діни сенімдерін немесе жеке өміріне қол сұғуды бұзса, ол Конституциялық Сотқа жүгініп, өзінің құқығын қорғауға мүмкіндік алады.

Президент пәрменімен құрылған Конституциялық Сот әділетті Қазақстанның құқық саласына оң серпін берді. Сарапшылардың сөзінше, саланы жетілдіріп отыру маңызды. Бұл бағытта да нәтиже бар. Маусымда Парламенттің қос палатасы елдегі сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу мәселесін талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Онда сот төрелігінің атқарылу сапасын, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылған.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ербол Даиров.