Қонаев қаласында 85 отбасы баспаналы болды
Конституция күніне орай Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 85 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ.
Пәтер кілттері әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен жетім балаларға және көпбалалы ата-аналарға берілді.
Еліміздің бұл өңірінде 40 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Биыл 821 отбасы үйлі болады. Соның 281-і арендалық, қалғаны «Бақытты отбасы», «Отау», «Наурыз» сияқты ипотекалық бағдарламалар бойынша тапсырылады.
Алматы облысында жалпы аумағы 129,2 мың шаршы метрлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол үйлер салынып біткен кезде 1618 отбасы баспаналы болады. Медицина саласының қызметкері Анар Бердібекқызы бүгін аумағы 78 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.
Анар Бердібекқызы, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Кезекте тұрғаныма 10 жыл болды, 6 балам бар. Үлкені 15-те, кішім 3 жаста. Осы Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында жұмыс істеймін. Әсерімді айта алмаймын, толқып тұрмын. Сонша жыл тұрып, осы күнге жеткеніме өте қуаныштымын.