Мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаев: Конституция – елдіктің белгісі
Биыл қыркүйек айында қоғам және мемлекет қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа келеді.
Еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеп, тәуелсіздкті нығайту жолында Сәт Бесімбайұлының еңбегі ерен. Ол шекарамыздың тұтастығы, жеріміздің бүтіндігі, халқымыздың береке-бірлігін қамтамысыз етуде өнегелі іс атқарды.
Сәт Тоқпақбаев 1993 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Ал 1999 жылы Қорғаныс министрі лауазымына кірісті. Бұл еңсесін енді тіктей бастаған ел үшін сындарлы жылдар еді. Сәт Бесімбайұлы мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп, күштік құрылымдардың қалыптасуына зор үлес қосты. Ол ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды.
Сәт Тоқпақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник:
«Өте үлкен жауапкершілік болды. Мен енді қуаныштымын. Сондай уақытта өмір сүріп, осы сүйікті Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға көп болмаса да әйтеуір өз күшімше үлес қосқаныма. Қазақстанымыз гүлдеп, барлық жағынан да жоғары деңгейде. Саяси болсын, экономика болсын».
Сәт Бесімбайұлының басшылығымен жасалған ҰҚК жұмыстарын ұйымдастыруға қажетті арнаулы құжаттардың көбісі әлі күнге дейін қолданыста. Оның шешімімен ҰҚК-нің академиясы құрылып, еліміздің белді оқу орнына айналды. Тәуелсіздікті нығайту үшін шекараны шегендеп, Конституцияны күшейту керек болды,-дейді генерал. Ата заңға сәйкес бұйрықтар мен ережелер қайта жасалып, жаңа кадрлар дайындалды. Көрші елдер мен әлемдегі алпауыт мемлекеттермен қарым-қатынас орнады.
Сәт Тоқпақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник:
«Сол заң дұрыс қабылданғанның арқасында, бүкіл халық қолдағанның арқасында Ата заң күннен күнге, жылдан жылға нығайып келе жатыр. Ол арқылы бүкіл еліміз, Қазақстан жоғарғы деңгейде барлық шетелмен қарым-қатынас жасайды. Неге қарым-қатынас джасайды? Себебі сенім. Қазақстанға сенеді заңды, құқықтық мемлекет деп».
Сәт Бесімбайұлының тәрбиесін көріп, тәлімін алғандар көп. Солардың қатарынан қауіпсіздік пен құқық қорғау саласының басшылары, кәсіби мамандар мен нағыз қайраткерлер шықты. Ол адамгершілік қасиетімен ұстаз бола білді.
Мақсұт Нұриманов, ҰҚК құрметті ардагері, генерал-майор:
- Қазақстанда ғана емес, бүткіл мемлекетаралық қарым-қатынаста үлкен дәрежеге, құрметке бөленген басшы. Көптеген дамыған мемлекеттермен бірдей, тең түрде келіссөз жүргізіп, біздің қауіпсіздігімізді нығайтып, оны жаңа дәрежеге жеткізуге үлкен өзінің үлесін қосқан, жол көрсеткен біздің ұстазымыз.
2007 жылы Сәт Тоқпақбаев Мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Мол тәжірибесін, күш-жігерін мемлекетіміздің Қарулы күштері мен қауіпсізідігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға жұмсады. Бүгінде жұбайы - белгілі жазушы Сәуле Досжанмен қоғамдық жұмыстарға араласып, жастарды тәрбиелеуге көңіл бөледі.
А. Садуақас. С.Бейсекенов