Зашаған кентіндегі 80 үй пайдалануға берілді
Ата заңымыз ардақталған мереке күні оралдық 183 отбасы үйлі болды, деп хабарлайды 24kz.
Түске дейін Деркөл шағын ауданында 103 үй тапсырылса, түстен кейін Зашаған кентіндегі 80 үй пайдалануға берілді. Ал ертең Жұлдыз шағынауданында 192 жанұя қоныс тойын тойлайды. Сөйтіп, облыс орталығында салынып жатқан барлық 375 тұрғын үй уәде етілген мерзімде қолданысқа берілмек.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Мейрам күні өңір басшысының қолынан үйдің кілтін алғандардың бірі – Жұпар Атошева. Айтуынша, бұрын бала-келінімен бірге бау-бақша серіктестігін мекендепті. Алайда биылғы тасқын үлкен әулетті бір күнде дымсыз қалдырған. Содан бері қандай қиындық көрсе де, жақсылықтан үмітін үзбеген отбасы бүгін баспаналы болды.
Жұпар Атошева, қала тұрғыны:
- Үйіміз ұнады. Бұйырған кетпейді деп, Аллаға шүкір, мына су тасқынынан зардап шеккеннен кейін көптеген қиындықтар болды. Соған қарамастан мына еліміз көмектесіп, алғысым шексіз. Өте қуаныштымыз.
Табиғи апатқа тап болғандарға өңірде 776 үй салынса, соның 375-і облыс орталығында бой көтерді. Жайық және Шаған өзендері тасуы салдарынан Орал қаласында 14 мыңдай саяжай учаскесін су алды. Жалғыз баспана санатындағы 3 мыңға жуық саяжай үйінің 2222-і жарамсыз деп танылған. «Ешкім де көмексіз қалмасын!» - деген Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында шаһарда азғантай мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Күні бүгін 1548 жанұя баспаналы болды.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында суға кеткен жалғыз баспанасы бар азаматтарға қолдау көрсетіп, тұрғын үйлерін салып беру жөнінде тапсырма болған. Осыған орай Үкімет қолдауымен тез арада осы үйлерді салуға кірісіп кеткен болатынбыз осыдан екі ай 10 күн бұрын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір құрылысты аяқтап, кілттерін тиісті азаматтарға табыстап жатырмыз.
Орал қаласындағы тұрғын үйлерді салуға ERG компаниясы демеушілік көрсетті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э,Аюпов