Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен 117 отбасы баспаналы болды

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 117 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.

Мереке күні Қобда ауданының орталығында жүз үйдің кілті табысталса, Жарық ауылында 17 үй дайын болды. Табиғи апат салдарынан баспанасыз қалған жандарға үй салуға қайырымдылық қоры қаржы бөлді. Аймақтағы тілшіміз тұрғындардың қуанышымен бөлісіп қайтты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қобдалықтар құрылыс барысын өздері бақылап, тапсырылатын күнді асыға күтті. Фатима Сукулова санаулы ай ішінде жүздеген үйдің дайын боларына күмәні болғанын жасырмады. Дегенмен бүгінгі мереке күні қолына жаңа баспананың кілті тиіп отыр.

Фатима Сукулова, Қобда ауылының тұрғыны:

- Тек қана биыл Қобда елі емес кеткен бүкіл Қазақстан кетіп тұр ғой суға. Мың да бір шүкір, осындай қамқорлы, жанашырлы еліміз барына

Қаз-қатар тізілген үйлер Қобда ауылының жаңа шағынауданда бой көтерді. Әрбір баспана 80 шаршы метрден. Жылыту пештері мен санитарлық тораптары өз алдына.

Гүлбақыт Аймағамбетова, Қобда ауылының тұрғыны:

- Біз тұрған үйден мына жерге келгенімізде басқа әлемде жүрген сияқтымыз. Басқаша бұл жақта. Қалада жүрген сияқтымыз. Бұл енді аудан ғой. Осындай керемет үй салып беріп жатқан... Қуанышымызда шек жоқ.

Қанат Мыңбаев, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаңа тұрғын үйлермен қоса бірге жолы, жаяу жүргіншілер жолағы, сонымен қатар жарық жүргізілді. Бұл ауданның инфрақұрылымы қазіргі таңда дайын.

Бүгін Жарық ауылында да қоныс той. Мұнда су тасқынынан зардап шеккен 17 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды. Жергілікті халық құрылыстың қарқынынды болғанына дән риза. Дегенмен мердігерлер сырғыған уақытпен санасып біраз әбігерге түскен.

Көбеген Оразов, мердігер компания директоры:

- Енді материал тапшылығы болды. Барлығы бірге салынғаннан кейін төбенің материалдары жетпеді, тас экотонды алдық Ақтөбеден зауыттан, силикатный зауыттың кірпішін алдық, Хромтаудың қызыл кірпіші. Уақытында берілген. Біздер тапсырып үлгердік. Бүгін қазір кіріп тұра беруге болады. Газы жанып тұр, светі қосулы.

Жалпы Қобда ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 147 үй апатты деп танылған болатын. Тағы 30 баспананың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жергілікті билік қыркүйектің 10-ына дейін тапсыруды көздеп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов