Шымкентте Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
Шымкентте Конституция күніне арналған «Ұлы дала шежіресі – Ата заң» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Салтанатты жиында патриоттық әндер насихатталып, сахналық көріністер қойылды. Еліміздегі басты мерекені атап өтуге қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Атаулы күннің мән-маңызын айшықтайтын ауқымды іс-шара Түркістан сарайында өтті. Жиналған жұрт көк туға қарап тұрып, асқақ әнұранды бірге шырқады. Патриоттық ән мен дәртүрлі жыр көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ел тәуелсіздігін айғақтайтын Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға кепілдік береді. Ата заң үстемдік құрса, тәртіп пен тұрақтылық орнайды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мерекемен құттықтап, жауапкершілікті жіті түсінген мемлекеттік қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Бүгінгі күні елімізде кең көлемде саяси реформалар жүзеге асып, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Осы маңызды кезеңде мемлекеттік қызметкерлер үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Отанға деген адал қызметтеріңіз үшін сіздерге де шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Заманына қарай заңға толықтырулар енгізілді. Халық қалаулылары өрлеуге бастайтын өзгеріс қоғам дамуына қалай әсер еткені туралы ой қозғады.
Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың төрағасы:
- Ата заңымыз мемлекетіміздің дамуына, экономиканың жақсауына және де халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілуіне септігі тиіп жатыр. Өзгерістер болып жатады. Толықтырулар болып жатады. Сайлаушылармен жиі кездесеміз. Жақсы түсінеді, жақсы ұғынады.
Мерекелік салтанатты іс-шара «Ұлы дала шежіресі – Ата заң» деген атаумен өтті. Сондықтан тарихи сабақтастыққа негізделген сахналық қойылымдар мен патриоттық ән-жырға басымдық берілді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы