Бәйдібек ауданында этнотуризмді дамыту мақсатында «Тau fest» фестивалі өтті
Бәйдібек ауданы – Түркістан облысындағы тасын түртсең тарихы сыр шертетін киелі өңір. Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек ата, Қос ана, Домалақ ананың кесенесінен бөлек, Байжансай кен орындарына туристер көп барады, деп хабарлайды 24kz.
Қарт Қаратаудың оңтүстік сілемдері мен жоталарын жағалай орналасқан ауданның табиғаты да ерекше. Әр ауданнан келген жастар табиғат аясында бас қосып, этнотуризмді дамыту, тарихи жерлерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Тau fest» фестиваліне қатысты.
Фестивальге қатысушылар ауданның тұмса табиғаты мен тарихи орындары таспаланған фотокөрме мен жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Белгілі зергер Талғат Дүйсенбековтің ежелгі тасқа қашалған суреттерден жасаған дүниелері көпшіліктің көңілінен шықты.
Талғат Дүйсенбаев, қолөнер шебері:
- Теректіде бар мысалы, осындай тастар, Қошқар атада да бар суреттелген тастар. Көп адам көре бермейді, тауға-тасқа шыға алмайды. Сондықтан мен оны картина ретінде шығардым. Бағалы тастар мен күміспен, әртүрлі металлмен көмкеріп. Сурет арқылы Бәйдібек ауданының тарихын насихаттап келе жатырмыз.
Жастар жағы ат ерттеу, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі сынды ұлттық ойындардан бақ сынасты. Ал ауылдың жеңгелері жас қыздарға бие сауу, күбі пісу, табаға нан жабудың қыз-сырын үйретті.
Гүлнар Тоқсанбайқызы, Алмалы ауылының тұрғыны:
- Қазіргі мынау артымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ, әсіресе, қыздар қауымы білсе деп көрсетіп жатырмыз. Таба нанды қалай пісіру керек, Қалай салу керек, отты қалай қою керек? Соларды көрсетіп, кім біледі ауылға келін болып түсіп қалуы мүмкін. Сол кезде ойында жүрсін, есте болсын, білмегеннен білген жақсы.
Тарихи нысандарға бай ауданның туристтік әлеуетті зор. «Ендігі мәселе – осы жерлердің инфрақұрылымын жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңа маршруттар арқылы келушілер санын көбейту керек», - дейді қоғам белсендісі Қайрат Кәрібаев.
Қайрат Кәрібаев, қоғам белсендісі, саяхатшы:
- Вокзалдағы таксиден бастайық, одан кейін дәмхана, асханаларыңыз, гид бар, оның бәрі бір-бірімен сабақтасып, бір организм болып жұмыс істеуі керек. Одан бөлек, бар нәрсені біз халыққа дұрыс жеткізе білсек, халықтың туризм, демалу, экологиялық санасын сәл көтеретін болсақ, бұл болашақта бюджетке қаржы әкелетін табыс көзі болып табылады.
Алайда бұл жұмыстарды іске асыруға аудан мен облыс бюджетінің мүмкіндігі жетпейді. «Ол үшін мемлекеттік деңгейде арнайы даму концепциясы қабылданып, шетелдік және отандық кәсіпкерлерді жұмылдыру қажет», - дейді аудан басшылары. Өңірде туризмді дамытуға қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – табиғаты тамаша тарихи жерлердің біразы жекенің қолына өтіп кеткен. Алдымен соны қайтарып алу керек.
Ерлан Нұрмаханов, Бәйдібек ауданының әкімі
- Жекеменшік жерде тұрған нысандарды мемлекетке қайтармасақ, бюджеттік қаражатты қоя алмай жатқан жағдаймыз бар. Үлкен проблемамыз сол болып тұр. Ауданымызға келген Мәжіліс, Сенат депутаттары бар, сол кісілерге айтқанымызда «келесі жылы осындай нысандарды автоматты түрде мемлекет меншігіне өтетін заң қабылдаймыз» дегенді айтты. Қазіргі таңда ол нысандардың 90%-тен астамы жекеменшікке өтіп кеткен.
«Туристер көп баратын киелі жерлер мемлекеттің қарауында болуы керек. Онсыз іс өнбейді», - дейді сала мамандары. Сондықтан жауаптылар ауданның алдағы 5 жылғы даму бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. Келесі жылы Тұтты бұлақ аймағын игеру үшін 8 шақырым жол төселеді. Оған облыстық бюджеттен 603 млн теңге бөлу көзделген. Инфрақұрылым тартылса, демалыс аймағын салатын инвесторлар да дайын. Байқау соңында аудан басшысы жастармен пікір алмасып, туризм саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарды тыңдады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов