Ақмола облысында нан қоқымынан мал азығы дайындалады
Ақмола облысында нан қоқымынан мал азығы дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ақмолалық кәсіпкер тың бастаманы қолға алған. Қазір өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарлама сәтті жүзеге асып келеді. Облыс орталығында өткен арнайы көрмеде ауыл кәсіпкерлері 40-тан астам бизнес жобасын таныстырды.
Айжамал Шәкірова – көпбалалы ана. Осыдан бірер жыл бұрын елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылына көшіп барып, тың бизнесті қолға алады. Кәсіпкер қарапайым нан қоқымын ысырап етпей, одан мал азығын дайындайды. Қазір бұл өнімге сұраныс артқан. Енді ол кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
Айжамал Шәкірова, кәсіпкер:
- Нанның қалдығына дәрі дәрмек қоспаймыз. Оған тек мел қосамыз, кебек қосамыз, жүгері қосамыз, тұз қосамыз. 60%-і нан болады. Маған қолдау керек болғанда бізге дробилка аппарат алу керек. Сосын қаладағы мусорлардың жанына нан қоқымын тастайтын бочка қою керек.
Ал, көкшетаулық кәсіпкер Мугуч Гаспарян ет өнімдерін өңдейді. Ол көрмеде онға жуық өнім түрін таныстырды. Ал, қажет шикізатты облыс аумағынан алады.
Мугуч Гаспарян, кәсіпкер:
- Біз шикізатты тек жақын маңдағы ауылдардан ғана емес, бүтін облыс төңірегінен аламыз. Яғни, толығымен тек осы өңірдің өнімін тұтынамыз. Әр ауылда менің ет алатын өз адамдарым бар. Барлығы таза, табиғи өнім.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қазір аймақта 50-ден астам жоба жүзеге асты. Соның ішінде ет өнімдерін өңдеу, жиһаз шығару, кәде сыйлар жасау сияқты бизнес жобалар көш бастап тұр. Ал, мұндай көрмелер арқылы кәсіпкелер арнайы грант ұтып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Ерқанат Мұсылманбек, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Жобаның аясында біздегі бренд комиссия тобы үш финалисті таңдайтын болады. Сол үш финалист грантқа қатыса алады. Яғни, 5 миллионға дейін грантқа ие болады.
Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлері үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, былтыр 200-ден астам ауыл тұрғынына 1,2 млрд теңге несие берілді. «Ал, биыл жоба аясында қаржы енді бөлінеді», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко