Қызылорда тұрғыны көпқабатты үйдің ауласын баққа айналдырды
Қызылордалық Марат Төлепбаев өзі тұратын көпқабатты үй ауласын жасыл желекке айналдырды, деп хабарлайды 24KZ.
Әскери саладан зейнетке шыққан ол сирек кездесетін сәндік тал мен өсімдікті баптап отыр. «Қоршаған ортаны көгалдандыру арқылы жастарға үлгі көрсету – парызым» деп санаған қала тұрғынымен әріптесім Нұрлан Жақыпбеков кездесті.
Марат Төлепбаев тұратын көпқабатты үйдің ауласы шағын баққа айналған. Үйдің кіреберісінде ондаған жеміс талы жайқалып тұр. Мұнан бөлек, шаған, павлония, катальпа секілді 10-нан астам ағаш түрі жерсіндіріліп, күтімге алынған. Сонымен қатар түрлі-түсті гүлдің де алуан түрі бар.
Марат Төлепбаев, қала тұрғыны:
- «Қызылордада талдар шықпайды», – дейді. Бойлары өспейді деген сияқты әңгімелерді бұрын жиі еститінмін. Қазір 5 жылда өзім осымен айналысып жүрмін. Еккен нәрсенің барлығы шығып жатыр. Тек қана күтім керек. Алматы, Шымкент қалаларына барсақ, соны тек қана көзіміз тоймай, мақтап келеміз ғой. «Ой, бәрі жасыл желек, жап-жасыл» деп. Енді қазір өзімнің көзім жетті, ондай жасыл желекті жасау біздің де қолмыздан келеді екен.
Ауладағы сәндік ағаштың кейбірі Сыр өңірінде сирек кездеседі. Мәселен, павлония ағашының жапырағы бір метрге дейін үлкейеді екен. Биіктігі 20 метрден асады. Бағбанның айтуынша, «жералмұрт» деп аталатын гүлдің емдік қасиеті бар. Биіктігі 2,5 метрге дейін жететін бұл өсімдік қант диабеті мен қан қысымына шалдыққан жандар үшін пайдалы.
Бақытжан Тілеубаев, қала тұрғыны:
- Бұл жерде ештеңе де жоқ еді мен көшіп келген кезде. Шаңы шығып жататын еді. 5-6 жылда, көріп тұрсыздар ғой, Мараттың еңбегін, осы кісінің еңбегі. Мына ағаштарды баптап, азанда тұрып суарып, кешке суарып, оңай жұмыс емес, әрине, көгалдандыру деген де. Бірақ еңбегінің жемісін жеп отыр. Бәріміз ризамыз бұл кісіге, рақмет айтамыз.
Қызылордада Марат Төлепбаев секілді ауласын абаттандырған тұрғындарды ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі аула» байқауы өтеді. Әрі мен сәні келіскен аулаларға ойын алаңдары сыйға тартылады.
Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда бізде қала бойынша 25 аулада ойын алаңдары қайта жаңғыртылып жатыр. Оған қосымша жаңа айтып өткен тағы да 3 аулаға, бірінші, екінші, үшінші орын алған жеңімпаздарға соны есептегенде 28 аула жөнделеді. Қала бойынша бізде 224 аула бар. Соның қазіргі таңда соңғы 3 жылдың ішінде 50-ге жуық аулада жөндеу жасалып тұр.
Зейнетке шыққаннан кейін жастарға үлгі болар іс жасап, тұрғылықты мекенді көркейтуге үлес қосып жүрген Марат Төлепбаев аталған байқауға қатысып жатыр. Жеңімпаздар қыркүйек айында қала күніне арналған салтанатта марапатталады. Ең басты жеңіс жап-жасыл болып, жанға жайлы жайқалып тұрған аула емес пе?!
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.