24KZ телеарнасының ашылғанына 12 жыл толды

Бүгін – төл арнамыз 24KZ-тің тұсауы кесілген күн. Иә, осыдан тура 12 жыл бұрын отандық медиакеңістікке пішіні мен мазмұны бөлек арна қосылды.

Сағат сайын дамылсыз ақпарат таратын 24KZ-тің құрылуы ел өміріндегі елеулі оқиға болды десек, асылық айтқанымыз емес. 12 жылда күні кеше тәй-тәй басқан сәби соқталдай жігітке айналады. Біздің арна да солай. Жылдар өте толысып, патшакөңіл көрерменмен бірге жасасып келеді. Ендеше сол бір сәт қалай басталып еді? Сюжетке зер салайық.

Бұл күн – еліміздің теленарығы үшін айтулы сәт. Өйткені 2012 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда тәулік бойы үздіксіз хабар таратын алғашқы арна құрылды. Бастапқыда 20 минут эфирмен шымылдығы түрілген 24KZ бүгінде аптаның жеті күнінде, әр сағат көзі қарақты көрерменмен қауышады. 12 жыл – еңбектеген бала соқталдай жігітке айналар шақ. Сондықтан осы жылдар аралығында арнаның сырт пішіні ғана емес, ішкі мазмұнына да түрлене түскен. Ал телешаңырақтың табалдырығын сол кездері имене аттаған талай жас бүгінде білдей маманға айналды.

Мәншүк Мақсұтқызы, 24KZ телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шеф редакторы:

- Әр өңірден келген жас тілшілер осындай тарихи оқиғаның куәгері болғанымыз үшін қатты қуандық. Ол кезде 24KZ-тің форматы Қазақстанда мүлде болмаған. Телевидение бұрын-соңды ақпараттық ленталардың қарқынына ілемесіз деген мақсат қоймаған, 12 жылдағы мақсаты ақпараттық ленталармен бірдей деңгейде, бір уақытта ақпарат тарату еді және сол мақсатына жетті.

Қазір телешаңырақта 200-ден аса адам еңбек етеді. Еліміздің әр өңірінде, сондай-ақ шетелдің 15 мемлекетінде тілшілер қосыны бар. Олардың дені – өрімдей қыз-жігіттер. Сондықтан 24KZ – жас арна ғана емес, жастардың отауына айналған орта. Ал аға буынның ақылы мен жастардың жігері үйлесім тапқан ұжымның әрдайым ақпарат айдынында асығы алшысынан түсері хақ.

Ибраһим Орынбеков, 24KZ телеарнасы өңірлік тілшілер қосыны департаментінің редакторы:

- Қазмедиа орталығы ашылып, бұл ақпараттық арна болады деп елдің үлкен үміті болды. Енді артқа тастаған 12 жыды қарап отырсақ, сол елдің үміті ақталды. Дәл қазіргі кезде 24KZ арнасы сонау ауылдағы жаңалықтан бастап әлемдік оқиғаларға дейін сараптап, эфирге беріп, тәулік бойы хабар таратып отырған Қазақстандағы бірден бір арна.

Елге шынайы ақпарат жеткізуді басты ұстаным санайтын арна тілшілері әр материал үшін құдды зергерше еңбектенеді. Оның сыртында тиімдей кадр үшін қаншама маман тер төгіп жүр. Дәстүрлі медиа мен интернет тайталасқан шақта ақпарат кеңестігінде берік орнығу оңай шаруа емес. Сондықтан әлеуметтік желіде арна көрермендерінің шоғырын қалыптастыруға күш салынды. Жүйелі жұмыстың нәтижесі – бүгінде YouTube алаңында 24KZ-ке жазылушылар саны 2 млн-нан асты. Көзі қарақты көрерменге салмақты әрі сапалы телеөнім ұсынуда арнаның техникалық әлеуеті де маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн.

Бақытжан Досымбеков, 24KZ телеарнасының бас режиссері:

- Корей мемлекетінен әріптестеріміз тұтас роботталған студияда жұмыс жасайтынымызды көріп, таңқалуда. Әр өңірде лайф серверлері бар. Одан бөлек, әр тілшіміздің телефонында сол серверлердің мобильдік қосымшалары арқылы кез келген жерден тілшінің жалғыз өзі жылдам ақпарат тарата алады.  Болашақта жасанды интелектіні эфирлерімізге енгізуді жоспарлап жатырмыз. 

Назерке Тоқжан, тілші:

- Отандық теленарыққа тың серпіліс әкелген 24KZ 12 жыл ішінде талай жас журналистің қанатын қатайтып, кәсіби толысуына жол ашты. Бүгінде телеотбасы жараулы аттай жаңа маусымға дайындық үстінде. Әлі талай сіздерді тың жобалармен қуантуға ниеттіміз. Ал бүгін – мереке. Төл арнам, туған күніңмен!

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров