Жезқазғандағы жол мәселесі. Мына қарқынмен биыл үлгермейтін секілді...

Жезқазғанда жол жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталуға тиіс.

Биыл қалалық және облыстық бюджеттен автокөлік жолдарын жаңғыртуға 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 57 көше мен 10-нан астам орамның аулаішілік жолы жөнделеді. Мердігерлер жол төсеу жұмыстарына көктемде кіріскен. Жұмыс әлі жүріп жатыр. Енді қар түспей үлгере ме?

Мұндай ауқымды жол жөндеу жұмыстары Жезқазғанда бұрын-соңды болмаған. Орталық көшелермен қатар қаланың шеткері аудардарының жолдары да жаңартылып жатыр. 5 айға жуық уақытқа жалғасқан жөндеу жұмыстары уақытында аяқтала ма? Қала тұрғындарын мазалайтын жалғыз сұрақ осы.

БЛИЦ:

- Сейфуллин көшесі бойында жөндеу жұмыстары жаздың басында басталған. Әлі аяқталмады. Ал Абай көшесін жаздың ортасында бастады. Мына қарқынмен биыл үлгермейтін секілді. Дегенмен, уақытымен аяқталатын шығар деп үміттенеміз.

- Бүкіл жерде шоқалақтар бар, шұңқыр бар. Яма өте көп. Үлгере ме, үлгермей ме білмеймін. Осыны дұрыстаса.

- Жолдың сапасы өте нашар. Уақытында жөндеп берсе жақсы болар еді. Басталған іс аяқсыз қалмайды деп ойлаймын.

- Жаман емес. Жолды салып жатыр. Мен көріп жүрмін. Өзіміз енді рөлде көп жүретін болғасын. Үлгереді, осы күзге дейін жақсы жолдар салынады деп ойлаймын.

57 көшенің жартысынан астамында жаңғырту аяқталған. Қалған 25 көшеде асфальт төсеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Тапсырыс беруші тарап осылай дейді. Қалалық автокөлік жолдары мен жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Шамшырақ Сайлауовтың айтуынша жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуы тиіс.

Шамшырақ Сайлауов, автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жалпы Жезқазған қаласы бойынша биыл 36 километр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар қаламызда 11 орамда ауданішілік орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар күнделікті жұмысын кестеге сәйкес жүргізуде. Аяқталу мерзімі қазан айының 1-і.

Төселген асфальттың жай-күйін жол активтері сапасының ұлттық орталығы ұдайы тексеріп отырады. Оралық мамандары осыған дейін 26 көшенің жолынан сынама алған. 50-ге жуық бұзушылық анықталыпты. Кей жерлерде асфальт жамылғысы нормаға сай емес. Кейбір аумақтарға битум дұрыс жағылмаған. Бұл туралы зертхана меңгерушісі Серік Жолдасбек айтты.

Серік Жолдасбек, зертхана меңгерушісі:

- Жол құрылыс материалдарынан 227 мәрте сынама алынды. Соның 26 проценті бекітілген талапқа сай болмай шықты. Кей жерлерде асфальт жамылғысының тығыздығы нормадан төмен.

Тексеріс нәтижесінде анықталған кемшіліктерді мердігер ұйым өз есебінен қалпына келтіреді. Егер талап орындалмаса, тапсырыс беруші тарап жұмысты қабылдамайды. Ол мердігер жосықсыз ұйымдардың тізіміне қосылады.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, 24.KZ, Ұлытау облысы.