Уәде. Өскемен жылыту маусымына дайын

Өскеменде жылу электр станцияларының жылу маусымына дайындығы тексеріліп жатыр.

Монополияға қарсы орган қызметкерлері инженерлік желілерді модернизациялау жұмыстарын да өз бақылауына алды. Жұмыс тобы "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының қалай игерілгеніне талдау жүргізуде. Биыл осы жобаны жүзеге асыруға 700 млн теңге көлемінде инвестициялық қаражат бөлінген.

№2 қазандық бірнеше мөлтек аудан мен қалаға жақын жердегі екі ауылды жылытады. Энергонысаннан шығатын құбырларға алғаш рет күрделі жөндеу жасалды. Оған "Тарифті инвестицияға айырбастау" жобасы аясында 200 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, жылу жүйесіндегі бес қазандықтың барлығы жұмыс істейтін болды. Соның бірі резервте ұсталады.

Виктор Краснов, №2 жылу қазандығының басшысы:

- Былтыр мердігер мекеме бір жылыту қазандығын жөндеуді өз уақытында аяқтай алмады. Сол себепті қалған төрт қазандық тоқтаусыз жұмыс істеді. Бесінші қазандық биыл қалыпқа келтірілді. Алдағы жылыту маусымына дайынбыз.

Өскеменде биылғы ақпаннан бастап жылуға тариф 10 пайызға өсті. Бүгінге дейін тұтынушылардан 650 млн теңге жиналған. Бұл қаржы жылу электр станциялары мен инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалып жатыр. Энергокәсіпорын қызметкері Асхат Букатовтың айтуынша, жылыту жүйесін модернизациялау 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. «Бұдан соң көмір шығыны біршама азаяды» - дейді ол. 

Асхат Букатов, энергетикалық кәсіпорынның техникалық директоры:

- Күрделі жөндеуден өткізуді жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні жылу желілерінің 63,9 пайызы ескірген. Мына бағдарлама бойынша жұмыстарды бітірген кезде 1,1 пайыз азайтамыз. Сонымен қатар, балансымызда 8 қазандық бар. Соларда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жылу қазандығының жұмысын жақсарту арқылы көмір жағуды жылына 304 тоннаға дейін азайтамыз.

Монополияға қарсы департамент қызметкерлері жөндеу жүріп жатқан әр учаскені жіті бақылауға алған. Мақсат – тұтынушылар ақшасының жұмсалуын қадағалау. Уәкілетті орган уәкілі Жұмагүл Мусипованың хабарлауынша, Риддер қаласындағы жылу электр орталығында осындай мониторинг жүріп жатыр.

Жұмагүл Мусипова, Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департамент басшысының орынбасары:

- Осылай физикалық қараудан бөлек департамент апта сайын субмонополистерден есеп талап етеді. Инвестиицялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді қарап, сомаларға мониторинг жасайды. Сонымен қатар, осы инвестициялық бағдарлама орындалмаған жағдайда департаментке қатысты заңнамаға сәйкес іс-шаралар қабылданып, уақытша өтемдік тарифтер бекітіледі.

Коммуналдық қызмет мамандары шаһардың жылу жүйесі қысқа 90 пайыз дайын дейді. Ал жылу электр станцияларының әзірлігі 75%-ға бағаланып отыр.

Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов, 24.KZ, Өскемен.