Ақтөбедегі агро-туризм. Жегің келсе, теріп же

Ақтөбелік шаруалар агро-туризмнің қыр-сырын үйреніп жүр. Көкөніс, бақша өнімдерін еккен диқандар піскен дақылды дүкеннен емес, алқаптан терген абзал дейді.

Табиғат аясына сирек шығатын қала тұрғындарын балауса өнімнің дәмін татып, таза ауада сергіп қайтуға шақырады.

Агротуризм – ауыл шаруашылығына болашақта жаңа дем берер саланың бірі. Болжам бойынша әлемдік урбанизация деңгейі 2050 жылға қарай 70 пайызға жетуі мүмкін. Ірі шаһарларға шорғырланған Еуропа халқы үшін экологиялық таза өнімді алқаптан теру бүгіннің өзінде трендке айналған. Бұл үрдістің біздің елге де жеткенін Мұрат Құлтаев байқаған. Көкөніс пен бақша өнімдерін базарға тасып әуре болғаннан алқаптың басында саудалаған тиімді дейді. Қала іргесіндегі бақшадан қияр мен қызанақ, қауын мен қарбыз, асқабақты теруге тұрғындар бала-шағасын да ерте келеді.

Ирина Катунина, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл өте тамаша әрі пайдалы іс. Өзіміз келіп, алқап басынан таңдағанымызды аламыз. Таза ауада сергіп қайтамыз. Балаларға да қызық. Далаға шығып, жүгіріп, бой жазады.

Егіс алқабын он сотықтан бастап, 20 гектарға дейін жеткізген кәсіпкер биыл қарбыздың таңсық түрлерін еккен. Теңкиіп жатқан жасыл қарбыздың мәйегі лимондай сары. Бұл агротуризмді дамытуға бағытталған маркетинг қадамы дейді.

Мұрат Құлтаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұл қарбыз ликопинге аллергиясы бар адамдарға пайдалы. Қызыл түсті өнімдер – қызыл алма, қызыл қарбыз, қызанақ жей алмайтындар үшін таптырмас дақыл. Бұл қарбыздың қызғылт сары патша деп аталатын түрі. Кей адамдар лимонның дәмі бар деп жатады, лаймға ұқсатады. Әсіресе балаларға қызық. 

Серіктестік мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несиеге жаңа техника сатып алған. Тамшылатып суару мен тыңайтқыштарға да субсидия бар. Жалпы биыл өңірдегі өсімдік шаруашылығын қолдауға 1 млрд 100 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 250 млн теңге тұқым пұлына болса, 456 млн теңге минералды тыңайтқыштарға беріледі. Қомақты қаржылай қолдауға иек артқан диқандар өнім түрін көбейтуге көшкен.

Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Мұндай шаруашылықтар мына Ойыл, Қобда аудандарында да күзге таман болады. Өткен жылы да болған. Биыл да осындай дәстүр жалғасады деп ойлаймыз. Шаруашылық бір тарапынан өзінің өнімін насихаттаса, екінші жағынан бұл өнімнің қысқа мерзімде өткізілуге мүмкіншілік береді.

Биыл Ақтөбе облысында 2 мың гектарға жуық алқапқа көкөніс егілсе, 600 гектар бау-бақша дақылдары бар. Қазіргі таңда 300 гектар алқаптан 3300 тонна бақша өнімдері жиналды. 8400 тонна қызанақ пен қияр, болгар бұрышы сияқты көкөніс сауда сөрелеріне жеткізілген.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов, 24.KZ, Ақтөбе