Жамбылда қаңғыбас иттерге арнап 93 млн теңгеге салынған орын бос тұр

Жамбыл облысында иесіз иттерді аулап, күтіп ұстауға 69 млн теңге бөлінді.

Бірақ қомақты қаржы қарастырылса да үй жануарлары қамқорлыққа мұқтаж. Өңірде "жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң талаптары орындалмай отыр. Өйткені, жыл басынан бері 2 мыңға жуық иттің көзі жойылған.

Бұл видео осыдан бір апта бұрын Тараз қаласында түсірілген. Әйгерім мен Айдана есімді бойжеткендер түнде мылтықтан оқ атылған дауысты естиді. Бірден далаға шығып қараса, белгісіз біреулер бірнеше итті жайратып тастапты.

Әйгерім Сакиева, Тараз қаласының тұрғыны:

- Далаға жүгіріп шыққан кезімізде 4 итті атып тастапты. Олардың төртеуі де 20 минуттай қиналып жатты. Сондай-ақ, біз оларға бірінші көмек көрсетейік деп едік, аптека өте алыста болды. Мұндай жағдай бірінші рет қайталанып тұрған жоқ.

Жануарлардың қауіпсіздігін тәртіп сақшылары да қатаң бақылауға алды. Жыл басынан бері оларға осындай 30 өтініш түскен. Бұл мақсатта арнайы рейд жүргізіліп, тәртіп бұзған 46 адам анықталды.

Рысбек Қартемешов, Полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Жыл басынан бері Тараз қаласы полиция қызметкерлері қолданыстарғы ҚР әкімшілік кодексінің 407 бабы бойынша 76 құқық бұзушылық дерегін анықтады. Осы анықталған деректер бойынша барлығы 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Тараз қаласында осы жазда қаңғыбас иттерді оқшаулайтын 40 орындық пункт ашылды. Мұндай орын аймақтағы бес ауданда бар. Бірақ, көбісі қаңырап бос тұр. Мәселен, Аса ауылындағы пункті ашуға қазынадан 93 млн теңге бөлінген. Қазір онда бірде-бір ит ауланбапты.

Жанна Папина, зооқорғаушы:

- Жеке көлік пен қару жарақтарды жалға алып, көшедегі иттерді шетінен атып тастайды. Қомақты қаржыға істеліп жатқан жұмыс осы. Олар ауламайды, тек өлтіре салады.

Қазір өңірде бұралқы иттерді аулаумен бір мердігер ұйым айналысады. Олар жыл басында 63 млн теңге тендер ұтып алған. Тиісті сала мамандары осы жағдайлардың бәрі сотта расталса, мердігермен шартты бұзамыз деп отыр.

Талғат Қожабергенов, ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір біз мердігерлерге қатысты шара қолданып жатырмыз. Барлығы сот арқылы шешіледі. Оның үстіне жергілікті тұрғындарда қазір олардың үстінен сотқа шағым түсірді. Соның нәтижесіне қарай шешім қабылданады.

Осылайша, жануарларды қорғаушылар жақын арада мәселе шешіледі деген үмітте. Ал жауаптылар бұл мәселеге қатысты нақты шешім қашан шығатынын әзірге айта алмаймыз деп отыр.

Абзал Азаматұлы, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Элдар Байділда, 24.KZ, Тараз