Президент: Агроөнеркәсіп саласын арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру керек

Елде 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, бірақ санатта жоқ. Мұны арнайы комиссия анықтады.

Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу аса маңызды міндет екенін айтты. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. «Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беріп, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.