Президент: Жаңа салық кодексін бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды

«Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды»,  деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы салық саясатын фискалды ахуалға бейімдеп, салық мөлшерлемесін де қайта қарауды тапсырды. Қасым-жомарт Тоқаев жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.