Келесі жылы заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі
Елдің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі. Оның жүзеге асуын «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды. Өз Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп Үкімет алдына міндет қойды. Сондай-ақ Үкімет елдегі мыңнан астам мектепке күрделі жөндеу жүргізуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Мысалы 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.