Президент әуе кеңістігіндегі жүк тасымалын арттыруды тапсырды

Еліміздің әуе кеңістігінде жүк тасымалын арттыру қажет. Президент халыққа Жолдауында әуе хабтарын дамыту өте маңызды міндет екенін жеткізді.

Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Осылай деген Мемлекет басшысы әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Әсіресе ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл сондай-ақ негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді.